Қазақ тілін жетік меңгерген өзге этнос жастары Қостанай төрінде

Қазақ тілін жетік меңгерген өзге этнос жастары Қостанай төрінде

Қостанайда «Мемлекеттік тілге 7 қадам» облыстық жобасының қорытынды форумы мәреге жетті.

Аталған жоба жас ұрпақтың мемлекеттік тілді үйренуге деген ынтасын қолдап, бойындағы дарынын ашуға бағытталған. Сондай-ақ еліміздің тарихын, мәдени мұрасын, халқымыздың дәстүрін дәріптеуді көздейді.

Бұл жоба Қостанай облысында 2023 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Осы уақыт аралығында оған 500-ден аса оқушы, отыздан астам этнос өкілі қатысты. Биылғы байқауда аймақтың түкпір-түкпірінен іріктелген 60-тан астам бала бақ сынады. Соның арасынан топ жарып алға шыққан жиырма белсенді облыстық қорытынды форумға шақырту алды.

Үздіктер үшін мазмұнды мәдени-ағартушылық бағдарлама әзірленген. Қатысушылар түске дейін Қостанай ауданындағы экосаябаққа барып, табиғатты қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шараларға қатысты.

Өңірдің тарихи және мәдени көрікті жерлерімен танысты. Жас толқынның құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтық жауапкершілігін нығайту мақсатында Полиция басқармасының Жедел басқару орталығына және полиция музейіне экскурсиялар ұйымдастырылды.

Түс ауа қаладағы № 31 жалпы білім беретін мектебіне жиналып, форум жұмысы қорытындыланды. Жиында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әсел Құлмағамбет сөз алды. Облыс мақтанышына айналып жүрген өзге этнос өкілі жастарының жетістіктерін баяндады.

«Бұл форум мемлекетті тілді дамытуға, оның қолдану аясын кеңейтуге ат салысып жүрген, мына сіздер секілді нағыз ұлтжанды азаматтардың басқосуы деп айтсам артық емес. Биыл төртінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Өзге этнос өкілдерінің бес жүзден астам баласына қазақ тілін тегін меңгеріп, жаңа белестерді бағындыруға жол ашып, мүмкіндік берді. Соның бірі – Денисов ауданының тумасы Майер Кэтрин республикалық «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасының биылғы гран-при иегері атанды. Түйемойнақ өлкесінің тағы бір перзенті Феливок Мелита облыс әкімінің тапсырмасымен, демеушілердің қолдауы арқылы А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-дің білім грантын иеленді. Алтынсарин ауданының өкілі Ребро Алена М.Дулатов атындағы ҚИнЭУ Президентінің грантын алды. «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкері Ирина Новицкая тұңғыш рет өткізілген республикалық этно-айтыстың бас жүлдесін жеңіп алды. Түркістанда өткен «Үкілі домбыра» республикалық байқауында Рудный қаласындағы музыкалық колледждің түлегі Ли Марк бас жүлдені қанжығаға байлады. Күні кеше «Қазақ тілі» қоғамының оныншы құрылтайында ««Qostanai» телеарнасының жүргізушісі, «Мәміле» ситуативті тіл курсының мұғалімі Пимичева Анель Президентіміздің қолынан «Шапағат» медалін алды. Аталған жетістіктің бәрі қазақ тілінің тек қарым-қатынас құралы ғана емес, түрлі этнос өкілдерін ортақ мақсатқа жұмылдыратын, бірлік пен ынтымақты нығайтатын құндылық екенін көрсетеді», — деді Әсел Жұмағалиқызы.

Форумға Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Наталья Рамазанова арнайы қатысты. «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің аға сарапшысы Гүлнұр Бақытқызы құрмет меймандар қатарынан табылды. Мәскеуден келген жерлесіміз, Б.Майлин ауданының тумасы, әлеуметтік желіде танымал блогер Александр Фролов та төбе көрсетті. Ол қазақ әндерін орындап, Ресейдегі отандастарымыздың ықыласына бөленіп жүрген әнші. Жуырда Мемлекет басшысының қолынан «Шапағат» медалін алған еді.

Кеш соңында «Мемлекеттік тілге 7 қадам» жобасының жеңімпазы мен жүлдегерлері марапатталды. Қорытынды бойынша Қостанай қаласындағы С.Мәуленов атындағы гимназияның 10-сынып оқушысы Вячеслав Малиновский 3-орын иегері атанды. Оған 50 мың теңгелік сертификат табысталды. Ал 2-орын жүлдесі – 100 мың теңгелік сертификатты А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-дің 1-курс студенті Софья Полякова иеленді. Сарыкөл ауданы Урицкий мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Алина Дмитриевская 1-орын иесі. Жеңімпазға 150 мың теңге сертификаты ұсынылды.

 

blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank

Аталған форумды «Қоғамдық келісім» КММ және Қостанай облысы әкімдігінің қоғамдық даму басқармасы ұйымдастырғанын еске саламыз. Бүгінгі кеште жобаның 4 жылдық жұмысының қорытындысын шығарады. Толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суреттерді түсірген Василий Васильев