Торғайда Құрылтай депутаттарының көмегімен жүздеген түп ағаш көшеттері отырғызылды

Торғайда Құрылтай депутаттарының көмегімен жүздеген түп ағаш көшеттері отырғызылды

Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Құрылтай депутаттары, Торғай өңірінің тумалары Ербол Адаев, Шынасыл Ерназаров және Шота Оспановтың қолдауымен Астана қаласынан 500 түп ағаш көшеттері жеткізіліп, аудан орталығының саябақтарына ағаш отырғызу және тазалық науқаны ұйымдастырылды.

Игі шараға 200-ге жуық адам қатысты. Аудан орталығында саябақтарда өткен экологиялық акцияға мемлекеттік және бюджеттік мекемелердің қызметкерлері белсенді атсалысты.

«Ел қамын ойлаған азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Депутаттарымыздың көмегімен шаһарымызда 4 гектардай аумаққа 150 түп қара ағаш, 200 түп ирга және 100 түп жимолость ағаштарының көшеттері отырғызылды. Ал қалған 50 түп ағаш көшеті Аралбай ауылына жөнелтілді.  «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы мұндай игі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, ауданның экологиялық жағдайын жақсартуға және қоғамдық кеңістіктерді көркейтуге бағыттала береді деген үміттеміз», – дейді Торғай селосының әкімі Кемеңгер Қарағүлұлы.

Тазалық – мәдениеттің көрінісі, ал көгалдандыру – болашаққа жасалған инвестиция. Осылайша, ағаш отырғызу арқылы халық қалаулылары мен аудан тұрғындары туған жердің табиғатын қорғауға, қоршаған ортаны жақсартуға және келер ұрпаққа жасыл мұра қалдыруға нақты іс жүзінде өз үлестерін қосты.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

                                                                                                     Жангелдин ауданы