Қостанайда «Алтынсарин ізі – ұрпаққа мәңгілік өнеге» атты облыстық ғылыми-туристік форум жалауын көтерді. Қатысушылар Ө.Сұлтанғазин атындағы педагогикалық институт базасында бас қосты.
Бұл кеш ұлы ағартушының мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеуге, оның педагогикалық идеяларын заманауи білім беру жүйесімен сабақтастыруға және өңірдің тарихи-мәдени туристік әлеуетін танытуға септігін тигізгені сөзсіз. Меймандар Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатында болып, оқушылардың шығармашылығына қанықты. Ыбырайтанушы ұстаздармен әңгімелесіп, ұлы ағартушы атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасын аралады.
«Музей – ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығын, қоғамдық-ағартушылық қызметін, тарихи кезеңнің тынысын танытатын қасиетті орын. Мұндағы жәдігерлер мен тарихи деректер арқылы келушілер Ыбырайдың өмір сүрген дәуіріне саяхат жасап, оның қазақ қоғамындағы орны мен ағартушылық қызметінің ауқымын тереңірек тани алады. Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық қызметі қазақ халқының білім беру тарихында жаңа кезеңнің басталуына негіз болды. Ол 1864 жылы Торғайда қазақ балаларына арналған алғашқы мектептердің бірін ашып, оқу-ағарту ісін жүйелі жолға қоюға күш салды. Оның «Қазақ хрестоматиясы» еңбегі ұлттық білім беру тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі болды. Бұл кітапқа енгізілген өлеңдері мен әңгімелері балаларды еңбекқорлыққа, адалдыққа, мейірімділікке, білімге құштарлыққа тәрбиелеуді мақсат етті. Музей экспозициясымен танысу барысында қонақтар ұлы ұстаздың өнегелі өмір жолын зерделеп қана қоймай, оның идеяларының бүгінгі қоғамдағы маңызын да бағамдады деген ойдамын»,-деді Нұржан Ермағамбетов.
Мәдени мұрамен жақын танысқан меймандар таңғалысын жасыра алмады. Троицк қаласындағы «Айқап – қазақ қоғамы» өңірлік қоғамдық ұйымының белсендісі Мәдина Беркімбаева алған әсерін ортаға салып, мұндай сабақтастықты жандандыру қажеттігін айтты.
«Челябі және Троицк қалаларында қазақ қоғамдары белсенді жұмыс істейді. Біздің ұйым негізінен мәдени-қоғамдық іс-шаралар өткізумен айналысады. «Қазақ тілі» халықаралық ұйымымен тұрақты байланыстамыз. Оның Ресей Федерациясы аумағындағы жетекшісі Сәуле Тайкешовамен әріптестік қарым-қатынас орнатып, бірлесе мәдени кештер ұйымдастырдық. Троицкіде тұңғыш рет ашық аспан астында Наурыз мейрамын мерекеледік. Киіз үй тігіп, кең көлемде атап өттік. Қостанайдан Марғұлан Оспанов, марқұм Салтанат Өтелбаева, Роза ханым келді. Мәскеуден де адамдар қатысып, біздің бастамамызға қызығушылық танытты. Қарабалық ауданымен өзара ынтымақтастық орнатуға қолжеткіздік. Бірлесе концерт қойып, бір-бірімізге қолдау білдіреміз. Қостанайдағы Ыбырай Алтынсариннің мерейтойына арналған кешке қатысқаныма қуаныштымын. Ұмытылмас әсер алдық. Бұл жиын шынайы достық кездесу болғаны сөзсіз. Келешекте жалғасын тапса игі»,-деді Мәдина Беркімбаева.
Троицкідегі «Айқап – қазақ қоғамы» ұлттық салт-дәстүрді кеңінен дәріптеуге үлес қосуда. Ұйымның жанынан құрылған ақсақалдар кеңесі бар. Еңбек ардагерлеріне құрмет көрсету бағытын ұстанады.

Меймандар Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты қазақ зиялыларының ескерткішіне гүл шоқтарын қоюды да ұмыт қалдырған жоқ. Сол арада естелік суретке түсіп, қала орталығындағы тарихи және сәулет нысандарын шолып шықты. Жұмыр жердің қай шетінде жүрсе де атамекенін ұмытпай, ұлт зиялыларын ардақтай білсін деген ниетпен қатысушыларға танымдық кітаптар сыйға тартылды. Қазақ халқының ұлттық тағамдарын ұсынып, шапан жауып, салт-дәстүрімізге сай құрмет көрсетілді. Ел бірлігін нығайтатыұғын осындай бастамалар жалғасын тапса игі.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді «Ұлы дала ұрпақтары – Қостанай» қоғамдық бірлестігі жолдады
