Алдағы 1 желтоқсаннан бастап Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті цифрлық таңбалау кезең-кезеңімен енгізіледі. Нарыққа қатысушылар жаңа талаптарға қазірден дайындалып жатыр.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің хабарлауынша, тауарларды таңбалау жүйесіне айналымға қатысушылардың 55-і тіркелген.
Жеңіл өнеркәсіпке үш негізгі топқа біріктірілген 20-дан астам қосалқы сала кіреді: тоқыма өнеркәсібі – 61,3%, киім өндірісі – 32,2%, былғары және одан жасалатын бұйымдар өндірісі – 6,5%. 2025 жылы Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп нарығының көлемі $3,6 млрд-ты құрады. Салада 18,3 мың адам еңбек ететін 1 419 кәсіпорын жұмыс істейді.
Цифрлық таңбалауды енгізу өнімнің заңсыз айналымын қысқартуға, тауар нарығының ашықтығын арттыруға, сондай-ақ отандық адал өндірушілер мен импорттаушылар үшін тең мүмкіндік пен бәсекелестік жағдай қалыптастыруға бағытталған. Жаңа жүйе тауарлардың айналымның барлық кезеңіндегі қозғалысын қадағалауға және бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Өз кезегінде, көлеңкелі айналымның азаюы отандық кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын барынша пайдалануға, шығарылатын өнім түрлерін көбейтуге және қазақстандық тауарлардың ішкі нарықтағы үлесін ұлғайтуға ықпал етеді.
