Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко «Рахат-2018» ЖШС-нің қысқы кезеңге дайындығын тексеріп, техникалардың жай-күйімен танысты. Серіктестік өкілі алдағы қысқа толық дайын екендерін жеткізді.
Қазіргі уақытта кәсіпорынның техникасы сақадай сай, ал жолдарға себілетін көктайғаққа қарсы қоспаның қажетті қоры әзірленген.

«Бүгінде қысқы маусымға дайындығымыз 100 пайыз. Техникаларымыз толық әзір, көктайғаққа қарсы материалдар қоры жеткілікті. Таңертеңгі уақытта байқалып жүрген алғашқы үсіктерге байланысты да қажетті шараларды қабылдауға дайынбыз. Жолдарға арнайы қоспа себу арқылы көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш саламыз», – дейді «Рахат-2018» ЖШС өндіріс жөніндегі директоры Сергей Бейферт.
Қазіргі таңда «Рахат-2018» ЖШС қарамағында шамамен 50 арнайы техника бар. Олардың қатарында жүк көліктері, МТЗ-82 тракторлары, қар тиегіштер, фронтальды тиегіштер, грейдерлер және ауыр техникалар бар. Сондай-ақ кәсіпорын балансында төрт грейдер мен қарлы боран кезінде пайда болатын үлкен үйінділерді тазалауға арналған К-700 тракторы бар.
«Биыл техника паркі тағы екі МТЗ-82 тракторымен толықты. Олар алдыңғы жағынан қар күрейтін қалақпен, артқы жағынан щеткамен жабдықталған. Бұдан бөлек, кәсіпорын жаңа үлгідегі қытайлық тракторды да сынақтан өткізуге алған. Аталған техниканың алғашқы көрсеткіштері көңіл қуантады. Қар тазалау жұмыстарының негізгі жүктемесі МТЗ-82 тракторларына түседі. Олар тәулік бойы жұмыс істеуге бейімделген. Ал қалың қар жауып, жолдарда қар үйінділері пайда болған жағдайда жұмысқа грейдерлер, тиегіштер мен ауыр техникалар қосылады», – деп атап өтті ол.
Кәсіпорында механизаторлармен қамту деңгейі де толық. Сонымен қатар қызметкерлердің арасында бірнеше техника түрін басқара алатын әмбебап мамандар бар.

Олардың әрқайсысына жағдайға қарай екі-үш техника бекітілген. Олар қар тазалау, жолдарға құм-тұз қоспасын себу және қарды арнайы полигондарға шығару жұмыстарын үйлестіре алады.
«Өткен жылдардың тәжірибесі көрсеткендей, қысқы кезеңдегі басты міндеттердің бірі – қарды уақытылы тазалап қана қоймай, оны қаладан сыртқа шығару. Себебі жол бойында жиналған қар көктемде еріп, су көлемінің артуына, соның салдарынан жол жамылғысының бүлінуіне әкелуі мүмкін. Осыған байланысты биыл қарды тиеу және тасымалдау жұмыстарына ерекше назар аударып отырмыз. Кәсіпорын қар шығару техникасын күшейтіп, арнайы кузовтар санын арттыру бағытында жұмыс жүргізуде. Негізгі басымдық орталық көшелер мен екінші дәрежелі жолдарды уақтылы тазартуға беріледі», – деді Сергей Бейферт.
Жалпы, қысқы маусымға дайындық аясында техника мен мамандардың әзірлігі қамтамасыз етілген. Ендігі міндет – ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жолдардың қауіпсіз әрі таза болуын қамтамасыз етіп, қала тұрғындары мен жүргізушілер үшін қолайлы жағдай жасау. Қала әкімі де осылай дейді.

«Бүгінде кәсіпорын базасында 50-ге жуық арнайы техника бар. Соңғы екі жылда автопарк 9 техникамен толықты. Қажетті техникалардың барлығы жұмысқа дайын, сондай-ақ көктайғаққа қарсы материалдар қоры жасақталған. Кәсіпорынның 2026–2027 жылдардағы қысқы маусымға дайындығы 100%-ды құрайды. Жұмыс сапары барысында қысқы кезеңде қала көшелерін күтіп ұстау, қар тазалау жұмыстарын ұйымдастыру және ауа райы қолайсызданған жағдайда жедел әрекет ету мәселелері талқыланды. Коммуналдық қызметтердің өзара тиімді жұмысын қамтамасыз етіп, қыс мезгілінде қала тазалығын уақытылы әрі сапалы жүргізуді тапсырамын. Басты міндет – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қала жолдарындағы көліктердің үздіксіз қозғалысына жағдай жасау», – деді Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді ұсынған – қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі
Рудный қаласы
