Қазақ тілін үйреніп, еркін сөйлегісі келетін жандар үшін Н.Островский атындағы кітапханада «Сөйле TIME» клубы жұмыс істейді.
Мұнда жасына да, ұлтына да қарамастан, мемлекеттік тілді меңгеруге ниетті оқырмандар бас қосып, қазақ тілін үйренеді. Бастысы – ниет пен талпыныс. Ал қалғаны тұрақты тәжірибе мен ізденіске байланысты келеді.
Тіл үйрену – тек сөз жаттап, грамматикалық ережелерді меңгеру емес. Ең бастысы сол тілде ойыңды еркін жеткізіп, күнделікті өмірде қысылмай сөйлей білу. Осы мақсатты көздеген «Сөйле TIME» клубы 2021 жылғы 7 қыркүйекте Халықаралық тілдер күніне орай Қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тапсырмасымен ашылған болатын. Содан бері кітапхана ішінде тұрақты жұмыс істеп келеді.

Клуб 16 жастан асқан, мемлекеттік тілді үйренемін деген, ауызекі сөйлеу дағдысын жетілдіруге ынталы жандарды біріктіреді. Мұндағы басты ерекшелік – сабақтардың жеңіл әрі еркін форматта өтуі. Қатысушылар күнделікті өмірге қажетті тақырыптарды талқылап, өзара пікір алмасады, жаңа сөздерді үйреніп, оларды сөйлеу барысында қолдануға машықтанады. Ең маңыздысы қателесуден қорықпай, қазақша сөйлесуге дағдыланады.
Сөйлесу арқылы тілдік кедергіні еңсеру
Осы жылдан бастап «Сөйле TIME» клубының жұмысына Ерназар Есенгелді жетекшілік етіп келеді. Ол айына бір рет арнайы сабақ өткізіп, тыңдаушылардың мемлекеттік тілді меңгеруіне бағыт-бағдар береді.
Ерназар Қолғанатұлы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің қазақ филологиясы мамандығын тәмамдаған жас маман. Еңбек жолын Алтынсарин ауданындағы Тілдерді оқыту орталығында қазақ тілі оқытушысы ретінде бастап, бұл салада үш жыл тәжірибе жинақтаған. Жинаған білімі мен тәжірибесін бүгінде клуб жұмысына арнап, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге өз үлесін қосып жүр. Қазіргі таңда клубтың тұрақты сабақтарына 11 тыңдаушы қатысады. Олардың жартысына жуығы өзге ұлт өкілдері. Сонымен қатар сабақтарға кітапхана филиалдарының қызметкерлері мен оқырмандары да келіп, тіл үйрену ортасының аясын кеңейтіп отыр.
– Біз тыңдаушыларға қазақ тілін үйретіп қана қоймай, оны күнделікті өмірде еркін қолдануға көмектесеміз. Сабақ барысында әртүрлі тақырыптарды таңдап, ойындар мен қызықты тапсырмалар арқылы жұмыс істейміз. Себебі адам тілді сөйлесу арқылы тезірек меңгереді. Сондықтан қатысушылардың өз ойын ашық жеткізіп, бір-бірімен қазақша пікір алмасуына басымдық береміз. Ең бастысы, ешкім қателесуден қорықпауы керек. Қателессе оны жөндейміз, – дейді клуб жетекшісі.
Шынында да, тілді меңгеруде тұрақты тәжірибе мен еркін қарым-қатынастың орны ерекше. Осыны ескерген клуб жетекшісі сабақтарды бірсарынды дәріс түрінде емес, тыңдаушылардың қызығушылығын оятатын шығармашылық форматта ұйымдастыруға мән береді. Түрлі жағдаяттық ойындар, сұрақ-жауап, сөздік қорды байытуға арналған тапсырмалар мен тақырыптық әңгімелер қатысушылардың белсенділігін арттырады.
Ортақ мақсат – мемлекеттік тілді меңгеру
«Сөйле TIME» клубының тағы бір ерекшелігі – мұнда тіл үйренушілердің ұлтына немесе бастапқы білім деңгейіне шектеу қойылмайды. Барлығын біріктіретін ортақ мақсат – мемлекеттік тілді меңгеру, қазақша сөйлеп үйрену және ұлттық мәдениетке жақындай түсу.
Клубтың негізгі міндеттері де осы бағытпен сабақтас. Атап айтқанда, мемлекеттік тілді насихаттау, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрін таныстыру, ауызша және жазбаша сөйлеу дағдыларын жетілдіру, тілдік әрі коммуникативтік құзыреттілікті дамыту көзделген. Сонымен қатар қатысушылардың этномәдени танымын кеңейтіп, қазақ тілінің қоғамдық өмірдегі қолданысын арттыруға басымдық беріледі.

Клуб жұмысының жанданып, оған қатысуға ниет білдірушілердің көбеюі де қуантады. Қазақ тілін үйренуге қызығушылық танытып, сабақтарға қосылуға өтінім білдіріп жатқан оқырмандар саны артып келеді. Мұндай ортада адам тек тіл үйреніп қоймайды. Жаңа таныстар табады, өзге ұлт өкілдерімен араласады, қазақы ортаға бейімделеді, халқымыздың сөз саптау ерекшелігі мен ұлттық дүниетанымын таниды. Бірі алғашқы сөздерін үйренсе, енді бірі ойын толық жеткізуге машықтанады. Әр тыңдаушының кішкентай жетістігі клуб жұмысының үлкен нәтижесі.
-Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру тек ресми шаралармен шектелмейді. Оның күнделікті тұрмыста, қоғамдық ортада, адамдар арасындағы қарым-қатынаста кеңінен қолданылуы маңызды. Ал «Сөйле TIME» секілді клубтар осы мақсатқа нақты үлес қосып келеді. Өзім аптасына бір рет келіп, тіл үйреніп жүрмін. Сабақтарымыз жеңіл, ұғынықты өтеді. Әр адам жасына қарамастан уақыт бөліп келіп тұрса қазақ тілін үйреніп алады деп ойлаймын, — дейді тыңдаушы Екатерина Александровна.
Ал Назым Дүсембина қазақ тілін жетік меңгермегендіктен, ана тіліндегі білімін жетілдіріп, сөздік қорын молайту мақсатында клубқа келген. Оның айтуынша, сабақтар қызықты әрі пайдалы өтеді. Әр кездесуде жаңа сөздер үйреніп, қазақша сөйлеу дағдысын қалыптастыруға мүмкіндік бар.
– Сабақтар өте қызықты өтеді. Өзім бұрын білмейтін көптеген сөздерді үйрендім. Маған ұнайтыны – мұнда барлығы тегін әрі еркін форматта ұйымдастырылады. Тіл үйренуге деген қызығушылығым артып келеді. Тіпті екінші сабаққа құрбымды да шақырдым. Бірге үйреніп, қазақша сөйлесуге машықтансақ деймін, – дейді Назым.
Қазақ тілін үйренуге ниетті жандар үшін кітапханадағы клуб есігі ашық. Тіл білуге жас та, ұлт та кедергі емес. Ең бастысы – үйренуге деген ықылас. Өйткені тілге деген құрмет оны үйренуден, ал үйрену сөйлесуден басталады.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
