Елдің дамуы, қоғамның әл-ауқаты және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік жөніндегі конституциялық қағидаттар өңірлердің өнеркәсіптік және аграрлық әлеуетін нығайту арқылы нақты көрініс табуда.
Бұл Қостанай облысы үшін ерекше маңызды, өйткені өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өңір экономикасының негізгі тірегі болып табылады.
2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша өңірдің негізгі салаларында оң динамика сақталуда. Ауыл шаруашылығының өсімі 11,4%-ды құрады. Ал өңдеу өнеркәсібінің үлесіне облыстағы жалпы өнеркәсіп өндірісінің 73%-ы тиесілі.
Өнеркәсіптік әлеуетті одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды шешімдердің бірі – Қостанай қаласындағы индустриялық аймақтың аумағын кеңейту. Оның көлемі 400 гектардан 587 гектарға дейін ұлғаяды. Бұл қосымша инвестициялық жобаларды тартуға және жаңа өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Аграрлық секторға да айтарлықтай мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Егер 2025 жылы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 207 млрд теңге бағытталса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 326 млрд теңгеге жетті.
Мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Өңірде асыл тұқымды мал сатып алуды жеңілдікпен несиелендіруді, жаңа фермалар салуды және жайылымдық мал шаруашылығын дамытуды көздейтін саланы дамытудың кешенді жоспары жүзеге асырылуда. Осы мақсаттарға облысқа 35 млрд теңге бөлінді.
Тиісті бағдарламалар аясында 10 ауыл шаруашылығы кәсіпорны етті және сүтті бағыттағы 5 150 бас ірі қара мал сатып алу жөнінде келісімшарт жасасты. Сонымен қатар облыста 16 тауарлы сүт фермасын салу жобалары жүзеге асырылуда.
Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамыту өңірдің орнықты экономикалық моделін қалыптастыруға, өндірістік базасын нығайтуға және болашақ ұрпақ үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға жол ашады.
