550 теңге: ыстық тамақ қымбаттайды

550 теңге: ыстық тамақ қымбаттайды

Қостанай қаласының мектептерінде ыстық тамақ бағасы келер жылдан бастап 100 теңгеге қымбаттайды. Осы уақытқа дейін 450 теңге болған еді. Бұл мәселе жөнінде қалалық білім бөлімі түсініктеме берді.

            Яғни, 2024 жылдың 8 қаңтарынан бастап қала мектептерінде ыстық тамақ бағасы 550 теңге болады. Білім бөлімінің сектор басшысы Татьяна Степанова бұл жағдайды азық-түлік бағасының қымбаттауымен байланыстырды.

            – Жыл сайын азық-түлік нарығына мониторинг жүргізіледі. 2023 жылы орташа есеппен азық-түлік бағасы 70% қымбаттады. Тиісінше, коммуналдық қызмет бағасы да артты. Өткен жылы ыстық тамақ бағасы 370 теңгеден 450 теңгеге көтерілген. Енді 2024 жылы 550 теңге болады. Шешім ұжымдық кеңесте талқыланып, қабылданды. Жиналысқа жеткізушілер де қатысты. Баға бір жылға белгіленеді, – деді Татьяна Степанова.

Айтуынша, ата-аналар қауымы хабардар. Бүгінге дейін ешқандай арыз-шағым келіп түспеген.

            – Білім бөлімінің сайтында жарияланды. Әр мектептің ата-аналарымен түсіндіру жиындары өткізілді. Бұл бағаға коммуналдық шығындар, аспаздардың жалақысы және ас мәзірі кіреді. Қала мектептеріне 10 жеткізуші қызмет көрсетеді, – деді ол.

Биыл облыстық бюджеттен 531 млн 387 мың теңге бөлінген. Келер жылға бөлінетін қаржы әлі белгісіз. Қала мектептерінде 1-4 сыныпта оқитын 15 мыңға жуық оқушы және 2 мыңнан астам әлеуметтік санаттағы балалар тегін тамақтанады. Баға барлығына ортақ.

Сералы МЫРЗАБАЙ 

Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ  

Жаңалықтармен бөлісу