42 жоба – 100 млрд теңгеге жуық инвестиция ел игілігіне айналғалы тұр

42 жоба – 100 млрд теңгеге жуық инвестиция ел игілігіне айналғалы тұр

Соңғы кезде  қолға алынған инвестициялық жобалар  өңір экономикасының дамуына едәуір ықпал  етті. Мұның сыртында жүздеген жаңа жұмыс орны ашылды. Мәселен, облыста өткен жылы жалпы құны 19 млрд теңгеге бағаланған  70 инвестициялық жоба өмірге жолдама алды. Соның арқасында 300-ден астам жұмыс орны ашылды.

Өсімдік шаруашылығы саласында елу төрт  жоба, мал шаруашылығында  он екі  жоба, қайта өңдеу саласында  төрт  жоба бүгінде  елдің игілігіне айналған.

Қостанайда “Кайзен” ЖШС шикізаттан бастап қаптамаға дейін толық циклді бұршақ дақылдарын қайта өңдеу зауыты пайдалануға берілді. Жобаға  9 млрд теңге қаржы жұмсалған. Кәсіпорын әзірге  жетпіс адамды жұмыспен қамтып отыр. Екінші бір ауқымды жоба, ол Меңдіқара ауданындағы жылына 40 тонна құрғақ сүт өндіретін “S-Agro-Borovskoe” ЖШС  70 адамды жұмысқа тартты. Оған 10 млрд теңге инвестиция  Құйылған. Айта кету керек, бұл облыс түгілі, республикадағы бірегей жоба. Қазірдің өзінде кәсіпорын өнімдеріне сұраныс артқан.

Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхамбетовтің айтуынша, биыл  өңірде 42 инвенстициялық жоба жүзеге аспақ.  Оның жалпы құны 53 млрд теңгеге бағаланып отыр. 254 жаңа жұмыс орны ашылады.

“Мәселен, өсімдік шаруашылығыда – 20 жоба, мал шаруашылығында  – 19 жоба, қайта өңдеу  саласында – 3 жоба іске асырылатын болады. Оның ішінде жылына 85 мың тонна дайын өнім шығару қауқарлы  “Аруана-2010” ЖШС диірмен кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Бұған 3 млрд теңге қажат жұмсалды.  100 жұмыс орны пайда болады. Осындай ілкімді жобаларымыз көп.  2025-2026 жылдары “AC Agro” ЖШС бұршақ дақылдарын қайта өңдейтін  тағы бір зауытты іске қосуды жоспарлап отыр. Оған 24 млрд теңге инвестиция салынады. Жаңа өндіріс ошағы  50 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ.  Бұл жоба жүзеге асса,  өңірде бұршақ дақылдарын толық өңдеу мәселесі шешіледі”,– дейді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, “Qostanai Grain Industry” ЖШС жылына 415 мың тонна астықты тереңдетіп  өңдей алатын  зауыт салуға бекініп отыр. Оған инвесторлар 50 млрд теңге құюға мүдделі. Кәсіпорын жұмысына 600 адам тартылады.  Ал “Баян сұлу” АҚ қолданыстағы өндірісті кеңейте түсу үшін тағы бір ауқымды жобаға кірісуге пейілді. Жобаға 20 млрд теңге инвестиция тартылады. Кәсіпорынның кезекті жобасы 260 жаңа жұмыс орнына лайықталған.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Суретті түсірген Б.Көркембаев

Жаңалықтармен бөлісу