40 отбасы жарықсыз қалды: қала әкімі бақылауға алды

40 отбасы жарықсыз қалды: қала әкімі бақылауға алды

19-желтоқсан күні Қостанайдағы Абай көшесіндегі №111 үйден өрт шығып, тұрғындар эвакуацияланды. Абырой болғанда адамдар дін аман.

Оқиға 19-желтоқсанда күндіз сағат 16:43-те болған. Жаңа шағын аудандағы зәулім үйдің алтыншы қабатындағы электр щитінен өрт шыққан. Электр сымдары түгел жанып кеткен. Төтенше жағдайлар қызметі тілсіз жауды дер кезінде тізгіндеп, өрттің басқа аумаққа таралуын тоқтатты. Қуанышқа орай, ешқандай адам жапа шеккен жоқ. Өкініштісі, 40 отбасы жарықсыз қалды.

Қала әкімі Марат Жүндібаев бүгін таңертең өткен аппарат кеңесінде төтенше жағдайға қатысты пікір білдірді. Қала басшысы жарықсыз қалған отбасылардың мәселесін жаңа жылға дейін жедел шешуді тапсырды.

«Кеше, 21-желтоқсанда, біз оқиға орнына барып тұрғындармен, мүлік иелерінің бірлестігімен сөйлестік. ТЖҚ дер кезінде іске кірісті. Құтқарушылар тұрғындарды, тіпті ата-ана қадағалауынсыз үйлерінде жалғыз отырған балаларды алып шықты. Қазір 40 отбасы электр жарығынсыз қалды. Бұл мәселені жаңа жыл қарсаңында назардан тыс қалдырмау керек. Адамдар туыстарының үйін жағалауға мәжбүр. Кейбіреуі амалсыздан сырттан тамақтануда. Біз тез арада оларды электр қуатымен қамтуымыз керек. Төтенше жағдайдың туындау себебі кейін сот арқылы анықталады. Кінәлілер заң бойынша тиісті жазасын алады», – деді қала әкімі Марат Жүндібаев.

Қымбат ДОСЖАНОВА