Облыста тұрғын саны аз 29 елді мекен интернетсіз отыр. 161 ауылда оның сапасы сын көтермейді. Қазіргідей техногендік дәуірде өңірлердің замана игілігінен тыс қалуы биліктегілерді де алаңдатып отыр.
Мәселе өзекті. Мұны жеделдетпесе болмайды. Облыс әкімдігінің байланыс операторларымен жасаған меморандум шеңберінде биыл 50 ауылдық елді антенна – діңгек құрылыстарын салу жоспарланған. Қысқасы, барлық жұмыс жыл аяғына дейін толық аяқталмақ. Бұл ауыл тұрғындарының байланыс пен интернетке қолжетімділік деңгейін мейлінше арттырады. Облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және мұрағаттар басқармасының басшысы Азамат Кашиев осылай деп мәлімдеді.
Мәселен, қазіргі таңда 39 ауылда антенна-діңгек орнататын мердігерлік ұйымдар анықталдып, құрылыс жұмыстары басталды. Яғни, Аманкелді ауданындағы Қарынсалды, Горняк, Әулиекөл ауданындағы Новоселов, Б. Майлин ауданындағы Апанов, Ақсуат, Жанкелдин ауданындағы Бидайық, Саға, Құмшық, Қамысты ауданындағы Дружба, Орқаш, Қарабалық ауданындағы Гурьянов, Ворошилов, Қарасу ауданындағы Железнодорожный, Айдарлы, Павлов, Жаныспай, Заря, Қостанай ауданындағы Константинов, Лиманное, Рыбное, Васильев, Жуков, Меңдіқара ауданындағы Лесное, Науырзым ауданындағы Мереке, Сарыкөл ауданындағы Комсомольское, Ұзынкөл ауданындағы Варваров, Белоглин және Арқалық қаласына қарасты Жаңақала, Екідин, Молодежное тәрізді отыз екі ауыл жергілікті атқарушы органдардың қаржысы есебінен, Рудный қаласына қарасты Перцев, Қостанай ауданындағы Сормов, Меңдіқара ауданындағы Первомай, Федоров ауданындағы Заозерный, Жаңақой, Цабелев, Сарыкөл ауданындағы Қараоба тәрізді жеті ауылға антенналық діңгекті Beeline Қазақстан орнатады.
– Антенналық діңгектерді кезең-кезеңімен пайдалануға беру үшін арнайы жол картасы әзірленді. Соған сәйкес нысандарды биыл қазан, қараша, желтоқсан айларында іске қосу жоспарланып отыр. Негізгі екпінді оңтүстік өңірлерге түсіріп отырмыз. Мәселен, Арқалық қаласына қарасты Екідің ауылында ұялы байланыс қазан айында пайдалануға беріледі, Қазіргі уақытта металл конструкциясы аяқталуға жақын. Қалған он бір ауылдың жобалық-құндық құжаттары әзірленіп, бюджетке өтінім берілді. Ол таяуда облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында қаралады. Сондай-ақ, облыс әкімдігінің Beeline компаниясының басшылығымен, байланыс операторымен уағдаластық шеңберінде 74 ауылдағы базалық станциялардың жұмысын жаңғырту және жақсарту, оның ішінде 13 ауылда қосымша антенналар орнату жоспарланған, – деді басқарма басшысы.
Азамат Қашиевтің айтуынша, өткен жылы Красная Пресня және Буревестник ауылдарының тұрғындары байланыс сапасына шағымданған. Бұл елді мекендерде халық репиторларды пайдаланады. Қосымша антенналарды орнатқанда байланыс күшейткіштері келтірген кедергі жойылады. Бұдан бөлек, облыс әкімінің тапсырмасымен Beeline компаниясы Қостанайдағы “KamLitKZ” ЖШС нысанын 4G стандартының тұрақты мобильдік байланысымен қамтамасыз ету үшін арнайы станция орнатты.
– Жоспарланған жұмыстар біртіндеп орындалып жатыр. Ол үшін биыл қазынадан қажетті 742 млн теңге бөлінді. Ақша бөлінді. Құрылыс-монтаж жұмыстарының қарқыны жаман емес. 2026 жылы барлық елді мекен сапалы интернетпен 100 % қамтамасыз етіледі. Бұл өте маңызды. Осылайша, біздің облыс өзге өңірлерден бұрын интернет игілігіне қол жеткізбек. Сапалы әрі жылдам интернет үлкен мүмкінлдіктерге жол ашады. Жалпы, байланыс инфрақұрылымын кеңейту, қазіргі заманғы технологияларды енгізу және қолданыстағы жүйелердің сапасын жақсартуға, облыстың барлық тұрғыны үшін телекоммуникациялық қызметтерге деген қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Оның ауылдардың экономикалық дамуына әсері мол. Халықтың тұрмыс сапасын арттырады. Мен аудан, қала әкімдеріне барлық жұмысты бақылауда ұстау қажеттігін ескертемін, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Бердіболат Көркембаев