Арқалықта үш жүз орындық жайлы мектеп салынып жатыр

Арқалықта үш жүз орындық жайлы мектеп салынып жатыр

  А.Құнанбаев атындағы №6 мектеп-гимназияның мәжіліс залында «Ұрапақ тәрбиесі  – ұлт болашағы» атты қалалық жалпы ата-аналар жиналысы өтті.

   Қалалық білім бөлімінің жұмыс жоспарына сәйкес өткізілген ата-аналар жиналысына құқық қорғау органының қызметкерлері, мектеп басшылары, ұстаздар, ата-аналар және БАҚ өкілдері қатысты.

    Айтулы іс-шара еліміздің салтанатты әнұранымен басталды. Қалалық білім бөлімінің басшысы Есланбек Мәметеков құттықтау сөз сөйлеп, білім саласындағы орын алып жатқан оң өзгерістерді тілге тиек етті.

   Өңірде балалардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалуда. Биыл №6 мектепке Қазақстан халқы қорынан 250 млн теңге қомақты қаражат бөлініп, материалдық базасы жаңартылмақ. Мұның сыртында қаланың 10 мектебіне демеушілердің көмегімен робототехника кабинеті қойылады деп жоспарлануда. Қалада 300 орындық жайлы мектеп салынуда. Айта берсе атқарылып жатқан жұмыстар жетіп артылады.

   2023 – 2024 оқу жылында білім беру ұйымдарының тәрбие саласындағы өзгерістер мен бала тәрбиелеудің жолдары, өскелең ұрпақтың бойына рухани адамгершілік құндылықтарын дарытуға бағытталған баяндамалар тыңдалды.

   Еліміздің болашағы жас жеткіншектерді тәрбиелеуде мектеп пен отбасының өзара байланысының нығаюына қосқан еңбегі үшін бірқатар ата-аналар білім бөлімінің алғыс хатымен марапатталды.

  Үлгілі ұрпақ тәрбиелеп, ел алдында құрметке бөленгендердің бірі Кейкі батыр атындағы №4 мектепте оқитын ағайынды Әділ мен Әділет Бекбосыновтардың анасы Күлшира Төлебаева.

  «Қай ата-ананың болмасын, бала үшін алаңдайтыны рас. Жиналыс жақсы өтті. Көптеген жаңалықтарды естіп, бір марқайып қалдық.

  Балалардың болашағын ойлап, олардың алаңсыз білім алуы үшін қолайлы жағдай туғызып жатқан үкіметімізге айтар алғысым шексіз. Жас ұрпақ тәрбиелі, білімді болып, елжанды болып өсе берсін. Ертеңгі күндері шуақты, мамыражай болсын», – дейді ол шынайы ризашылығын білдіріп.

  Білім саласындағы қалада атқарылып жатқан өзге де игі істер жайлы алдағы хабарларымыздың бірінде толығырақ әңгімелейтін боламыз.

 Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу