«Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығында алғаш рет оқытудағы құндылыққа бағдарланған тәсіл бойынша біліктілікті арттыру курсы басталды. Оған 10 389 бастауыш сынып мұғалімдері қатысады.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, курс Біртұтас тәрбие бағдарламасында көрсетілген бастауыш сынып оқушыларын оқыту мен тәрбиелеу құндылықтарына бағдарланған тәсілді қолдану бойынша педагогтердің құзыреттілігін жетілдіруге арналған.
«Педагогтер материалды құндылыққа бағдарланған тәсіл бойынша зерделейді. Оқушылардың бойында патриотизм, еңбексүйгіштік, ауызбіршілік, әділдік және жауапкершілік сияқты құндылықтарды қалыптастыру бойынша жұмыстың мазмұны мен оңтайлы әдістерін, тәсілдерін, нысандарын таңдауды үйренеді», – дейді «Өрлеу» ҰБАО төрағасы Еламан Айболдинов.
Курста практикалық жұмыс пен талқылау ұйымдастырылады. Қатысушыларға талдау жүргізу үшін кейстер мен жобалар әзірлеу ұсынылады. Бастауыш мектепте сабақ уақытында және одан тыс уақытта балаларды тәрбиелеу мазмұнын зерделеу бойынша көшпелі практикалық сабақтар өткізу көзделген. Курс осы жылдың қараша айының соңына дейін жалғасады.