Жыр жауһарымен қанаттанған

Жыр жауһарымен қанаттанған

Денисов ауданында шығармашыл жастарды қолдауға арналған слет 13 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Таланттарды қолдап-қолпаштауға арналған іс-шара карантин уақытында да тоқтаған емес.

Биыл дәстүрге айналған іс-шараға ересектер арасында 20 адам қатысты. Оған Ресейден, Германиядан, Қостанай және Рудный қалаларынан онлайн режимде қатысқандар бар.

Жас таланттарды қолдауды жергілікті билік үнемі назарда ұстайды. Өңірден шыққан ақын-жазушылар туған жерді жырға қосып келеді. Іс-шараның өтуіне Денисов ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі және орталықтандырылған аудандық кітапхана жүйесі,  Денисов орталық кітапханасы мұрындық болып келеді. Қаламгерлерді қолдауға аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің  орталықтандырылған аудандық кітапхана жүйесі жергілікті бюджеттен қаражат бөледі.

Оқушылар арасындағы «Балалар поэзияның мерекесі!» атты аудандық слеті биыл екінші жыл қатарынан жас буынға арналып отыр. Оған 13 жас ақын-жазушылар қатысты. Денисов орталық аудандық балалар кітапханасы іс-шараны жас ұрпаққа поэзияны насихаттап, дарынды балғындарға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырып отыр.  Іс-шараға 6-15 жас аралығындағы балалар қатысты. Жас ақындар слеті шығармашылық іс-шарасына қатысушылар қазақ және орыс тілдерінде өз шығармаларын орындады.

Шығармашылық кешке елімізге белгілі тарих пәнінің мұғалімі, белгілі жазушы Александра Суслова арнайы келіп қатысты. Аудандық  мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нағима Хасанова қатысушыларға сәттілік тілеп, жылы лебізін білдірді.

 «Ауданымызда дарынды балалар қатары көп. Жыл сайын аудандық слетке қатысушылар саны артып келеді. Он жылдан аса уақыттан бері өткізіліп жатқан шараға былтырдан бері жас ақындарды да тартуды жөн көрдік. Нәтиже жаман емес, осы жылы жас ақындар арасында екінші жыл ұйымдастырылып отыр. Біздің басты мақсатымыз талантты балаларды көрсетіп, оларға қолдау көрсету. Алдағы уақытта жас ақындар арасындағы слет дәстүрге айналады деген сенімдеміз», – дейді Нағима Хасанова.

Ауданның әр ауылдарынан келген жас ақындар туған жер, достық, махаббат және өмір тақырыбындағы өлең-жырлары мен әңгімелерін паш етті. Қатысушылар өз шығармаларын алғаш рет көпшілікке оқып, қошеметке бөленгендеріне дән риза.

Слет қатысушысы Жасмин Квинт Окраинка ауылынан келген. Ол Приреченка жалпы білім беретін мектебінің 8-сыныбында оқиды. Жасмин мектептің үздік оқушыларының бірі ғана емес,  облыстық  деңгейдегі шығармашылық, зияткерлік байқаулардың, олимпиадалардың белсенді қатысушысы. Бос уақытында спортпен шұғылданып, өлең жазуды ұнатады.

«Бұндай шаралар бізді шыңдап қана қоймай, шығармашылық жағынан өсуге бейімдейді. Алдағы уақытта үлкен байқауларға қатысуды жоспарлап жүрмін», – дейді  Ж. Квинт.

Шараға 6-15 жас аралығындағы балалар қатысты. Қатысушылардың шығармаларынан отанға, елге- жерге деген патриоттық сезімдері бірден байқалады.

Слеттің ең жас қатысушысы Асқар Ерболатовтың өлең жаза бастағанына көп бола қоймапты. Екінші  Денисов жалпы білім беретін мектебінің үшінші сынып оқушысы жас ақындар слетіне өзінің алғашқы жыр шумақтарын ұсынды.

«Маған сурет салған, ән айтқан және күрескен ұнайды. Менің алғашқы өлеңім туған өлкенің табиғатына арналды. Бұндай іс-шараға алғаш қатысуым. Маған қатты ұнады. Алдағы уақытта көптеген өлеңдер жазып слетке келесі жылы да қатысатын боламын», – дейді жас ақын.

Александра Ильинична жас ақындар мен жазушыларға арналған ең маңызды және ең қажетті кеңестермен бөлісті. Оқушыларға өзінің шығармалары жарық көрген кітаптарын таныстырып, өлеңдерін оқып берді.

«Жас таланттардың керемет шығармаларын естіп, өзіме бірнеше жаңа есімдерді түртіп алдым. Қиялына ерік беріп, отанға, туған жерге деген махаббаттарын өлең арқылы жеткізе алған жас ақындарға риза болдым. Кім не айтса да, алға қарай ұмтылуға тырысыңыздар. Сіздер әрқашан шығармашылық ізденісте болсаңыздар, көптеген жетістікке жетуге болады», – деді А. Суслова.

ІІ аудандық жас ақындар слетіне қатысқаны үшін қатысушылар дипломмен марапатталып, ақшалай сыйлық берілді.

«Бұл күн барлығыңыз үшін есте қалады деп шын жүректен үміттенеміз. Келесі жылы сіз біздерді жаңа өлеңдеріңіз бен әңгімелеріңізбен тағы да қуантасыздар деп ойлаймыз. Барлық жас ақындар мен жазушыларға шабыт пен шығармашылық табыс тілейміз», – деді Нағима Хасанова.

Шара соңында әннен шашу шашылып,  Александра Сусловаға сый-құрмет көрсетілді. Оқушылар естелік суретке түсті.

Суреттерді түсірген Б. Мейрамұлы.

Денисов ауданы.

 

 

 

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу