Ғаббас Жұмабаев «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істеп, төл көркем сөз өнеріне өшпес із қалдырған көрнекті ақын әрі аудармашы. Биыл тума таланттың дүниеге келгеніне 100 жыл толды.
Осы орайда таяуда ақынның туған өңірі Қостанай облысында ғасырлық мерейтойын жерлестері мазмұнды әрі тағлымды атап өтті. Оған Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай облыстық өкілдігі едәуір үлес қосты. Ақынның тойы алдымен облыстың Меңдіқара ауданында басталды. Аудан орталығындағы мешітте облыстан келген зиялы қауым өкілдері, аудан көлеміндегі әдебиет пен өнер сүйер қауым, аудандық билік органының өкілдері, ұстаздар Ғаббас Жұмабаев рухына бас иіп, құран бағыштады.
Бұдан соң Ғаббас Жұмабаев атындағы мекеп-гимназиясында кешенді іс-шаралар бастау алды. Білім ордасы алдындағы тағзым алаңында сөз зергерінің арналып қойылған ескерткіш тақтаға гүл шоқтары қойылды. Іле мектептің бірінші қабатындағы мұражай келген адамдардың назары мен қызығушылығын оятатындай тартымдылығымен ерекшеленді. Онда Ғаббас Жұмабаевтың өз қолымен салған анасының портеті, жас кезінде тоқыған кілем жарақтары, үй ішіне қажетті жиһаздары, әсіресе ол салған балауса шағындағы табиғат суреттері, түрлі қаламсаптары, тұңғыш кітаптары қойылыпты.
Мектептің акт залында гимназия оқушылары заманауи үлгідегі қойылым жасап, Ғаббас ақынның өмірі мен шығармашылығын көрермен талғамына сай жеткізе білді. Осы салтанат үстінде Ғаббас Жұмабаевтың жерлесі, тарих ғылымдарының докторы Аманжол Күзембай мен Өтеген Қошанов жазушы өмірінен өнеге тұтар естеліктер айтып, жиналғандарды бір серпілтіп тастады. Ал Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы өкілі Жанұзақ Аязбекұлы, мүшелері Ақылбек Шаяхмет, Оразалы Жақсанов Ғаббас Жұмабаевтың туындыларын әр қырынан талдай отырып, көзкөргендердің шығармашылық қызметінен тағлымды сәттерді тілге тиек етті.
Жиналған көпшілікті елең еткізгені – айтулы тұлғаны тиек ете отырып, мектеп оқушылары ұстаздарының жетекшілігімен шығармашылық сайыс өткізді. Олар: «Жыр болып ағып, жұлдызға қанат жаямын» атты Ғаббас Жұмабаевтың өлеңдерін мәнерлеп оқу жарысы; «Егер мен тілші болсам…» сауалдар бәйгесі; «Жырыңнан алқа тағайын» деген атпен сурет салу сайысы; сондай-ақ, мектеп спорт залында «Тоғызқұмалақ» және «Асық атудан» жарысы.
Ғасырлық мерейтой иесіне арналған іс-шараның жалғасы облыс орталығы Қостанай қаласында болды. Ғаббас Жұмабаев «Қазақ әдебиеті» газетіне қызметке тұрардың алдында өзі туған өңірдегі кезінде «Болшевиктік жол» деп аталған облыстық газетте әдеби қызметкер, іле жауапты хатшы болып жұмыс істеген. Сол себепті де бүгінде «Қостанай таңы» деген атпен 100 жылдық тарихы бар облыстық газеттің қазіргі үйінің қабырғасында қайраткерге мемориалдық тақта ашылды. Ескерткіш тақтаның ашылуына өңір және Қостанай қаласы әкімдіктері, Қазақстан Жазушылар Одағы және «Қостанай таңы» газеті мұрындық болды. Мемориалдық тақтаны Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай облысындағы өкілі Жанұзақ Аязбекұлы мен ақынның қарындасы 96 жастағы Гүлсара Жұмабаева ашты.Салтанатты жиында Қостанай облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысының орынбасары Әсел Жұмағалиқызы, Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай облысындағы өкілі Жанұзақ Аязбекұлы сөз сөйледі.Өкіл Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің мерейтоймен құттықтаған сәлемін жеткізе отырып, Одақ мерейтойға байланысты іс-шаралардың бәріне де белсене араласып, қолдау көрсететінін атап айтты.Той үстінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын-драматург Ақылбек Шаяхмет болса ақын-аудармашының өз замандастары арасында шоқтығы биік тұлға болғанын нақты мысалдармен тартымды жеткізе білді.
Ғаббас Жұмабаев қазақ көркем әдебиетіндегі роман жанрында «Қалың малымен» белгілі жазушы Спандияр Көбеевпен бір ауылда туған. Жастайынан ұлт руханиятының асыл қазынасынан сусындаған. Халық ақыны Омар Шипин, Қасым Тоғызақов, Хасен Өзденбаевтардың ағалық қамқорлығы ерекше болғандығын өзі дүниеден озғанша ұмытпай айтып жүрген екен.
Қазақ әдебиетінің біртуар тұлғалары – бір топырақтың тумалары Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Мариям Хәкімжанова, өнер майталмандары Серке Қожамқұлов және Қапан Бадыровтарды Қостанай жерінде қуанышпен қарсы алып, ұжымдарда кездесулер ұйымдастырса, Алматыда даталай жылдары аралас -құралас болып, үлгі-өнегесін көріп өскен.
Әсіресе «Қазақ әдебиеті» газетінде 1959 жылы бастаған қызметін газеті редакциясында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшылық лауазымдарын атқарған кездерде тың туындылар жазып, төл әдебиетіміздің небір оғыланмен үзе4гілес болған.
Мерейтой шаралары кезінде Ғаббас Жұмабаев әлемін сөз етіп, аударма саласына өшпес шығармалар қалдырған бірегей тұлғаның кісілік келбетіне де тоқталды. Мектеп оқушыларының Ғаббас шығармаларына деген ықыласына қызыға қарап, оның мұрасы ұрпақтардың жүрегін тербеп, жанын жадырата береді деген ойда болдық.
Ғаббас Жұмабаев небәрі 56 жыл ғұмыр кешті. Төрт перзент сүйді. Ұлының есімін «Жұлдыз» журналында қызмет істеп жүргенде Жұлдыз деп қойыпты. Бүгінде сол Жұлдыздың қызы Мәриям мен күйеу баласы Джулиан екеуі сонау Австралия құрлығында тұрады. Бір жақсысы екеуінің де қазақ әдебиетіне деген құштарлығы.Аталарының туындыларын қазірдің өзінде ағылшыншаға аударып, түсінуге талпынып жүр екен. Екеуі де той салтанатының барлығында құрақ ұшып, қызмет істегенін көріп жанмыз жылып қалды.
Өңірдегі осынау ауқымды іс-шараны қолға алып, оны іске асыруға аянбай тер төгіп жүрген Ғаббас Жұмабаевтың немере інісі Балтабай Жұмабаевты атап өту парыз.
Жандос Жүсіпбеков,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Қостанай қаласы