Жылыту маусымы басталмай жатып облыс көлемінде 4 өрт жағдайы тіркеліп үлгерген. Қуанышқа орай адам шығыны жоқ. Тілсіз жаудың басты себебі – пешті дұрыс орналастырмау, балалардың абайсыздығы және қасақана өрт қою. Бұл мәселе облыс әкімдігінде өткен жиналыста қаралып, төтенше жағдайлар қызметкерлері есеп берді.
Мысалы, жақында ғана Б.Майлин ауданындағы Майское ауылындағы «Сказка» мейрамханасы өртке оранған. Өрттің шығуына дәнекерлеушілердің абайсыздығы себепші болған. Үш газ баллоны атылып, жетеуін өрт сөндірушілер өз өмірлерін қатерге тігіп, атылмай тұрғанда алып шығып үлгерген.
Бір айдың ішінде тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, департамент мамандары жылу беру маусымы кезінде үгіт-насихат және өрттің алдын алуға қатысты жұмыстарды белсенді түрде жүргізіп, 9 мың тұрғын үйді аралаған. Аралау барысында өрт сөндіру қауіпсіздігі сақталмаған 542 жағдай анықталған.
–Біз жеке сектордағы үйлерді аралап, сақтандыру жұмыстарын түсіндіреміз. Бізге еріктілердің көмегі көп. Мысалы, «Жайылма» ниетті тобы 300 мыңға грант ұтып алып, сол ақшаға дабылқаққыштар алып, көпбалалы отбасыларға орнатқан.2017 жылдан бері әлеуметтік осал топтардың үйлеріне 4717 дабылқаққыш қойылды. Бұл тілсіз жаудың алдын алуға көмек береді, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Қ.Қасым.
Ең бастысы әр адам өрттен сақтанудың, алдын алудың жолдарын білулері керек. Бұл мақсатта оқу орындарында, көпшілік жерлерде парақшалар таратылып, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұрады. Тек осы мәселеге әр адам назар аударып, ісіне жауапты болса болғаны.
–Осыншама жұмыстар атқарылып жатса да өрттің алдын алу қиын. Жылыту пештері мен газ баллондарын және электр жүйелерін дұрыс орнатпағандар көп. Ал оның арты қайғылы жағдайға апаратынын ойлай бермейміз. Онымен қоса балаларды үйде жалғыз тастап, спирттік ішімдік ішіп алып, темекі тартып ұйықтап қалатындар да қаншама. Биылғы жылы бюджеттен қаржыландыру да үш есеге өсті. Техника да жаңарды. Әлі де қолдауды халықтың өзінен, әкімдіктерден, білім беру ұйымдарынан күтеміз, – деді департамент басшысы.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов төтенше жағдайлар саласын қаржыландыру биыл 1,1 млрд теңгеге ұлғайғанын айтты. Бұл бұрынғы жылдармен салыстырғанда үш есеге көп. Алдағы уақтта да қолдауға дайын екенін білдірді.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген Б.Көркембаев