Оқиға өткен жылдың 23-ші желтоқсанынан 24-не қараған түні болған. Ер адам қаладағы Абай көшесіндегі “№2 емхана” жылы аялдама павильонының шыны есігін шағып, ішіне кірген. Бейне бақылау камерасының көмегімен полиция бұзақылықты жасаған Қостанай ауданының 1992 жылы туған “Я” есімді тұрғыны екенін анықтады.
Аудан тұрғыны жасаған әрекетін толық мойындап, бұл іске мас күйінде барғанын айтқан.
Қостанай қаласының әкімшілік соты азаматты ҚР ӘҚБтК 434-бабының 1-тармағы, 147-1-бабының 1-бөлігі бойынша кіләлі деп танып, 40 АЕК (147 500 теңге) айыппұл төлеуге міндеттеді.
“Сынған есікті өз қаражаты есебіне қалыпқа келтірді. Құны шамамен 200 мың теңге. Бұл аялдама осымен екінші рет сынып отыр. Алғашқысында электр желісі тартылмағандықтан бейне камералар сөніп тұрған, сол себепті бұзақыны табу мүмкін болмады. Сындырған адам жылыну үшін кірмеген. Өйткені бейне жазбаға назар аударсақ, ішінде 10 минут та тұрмаған. Қоғамдық көліктер жүруін тоқтатқанда ТКШ бөлімдерінің мамандары жылы аялдамалардың есігін тектеп қойып, таңертен ашатын еді. Өйткені, қаңғыбас адамдар паналап, ішін лас етеді немесе ұйықтап жатады. Таңертен тұрғындар ішіне кіре алмай жатады. Енді есігі жабылмайтын болды”, – дейді Қостанай қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Аида Бажирова.
Жалпы қалада 11 жылы аялдама бар. Әр аялдаманың құны 12 млн теңге. Олардың жетеуі жұмыс істеп тұр, қалған төртеуі енді пайдалануға беріледі.
Қала әкімдігі қостанайлықтарды инфрақұрылымға ұқыпты қарауға шақырады. Нысандардың бүлінуіне кәу болғанда және бұзақылық жағдайын көргенде полиция мен “Ikomek” қызметіне хабарлауды сұрайды.
Сералы МЫРЗАБАЙ