Арқалықта республикалық, әлемдік, халықаралық жарыстарда топ жарып, ел мәртебесін асқақтатқан спортшылар мен жаттықтырушыларға сый – құрмет көрсетілді.
Жылдың үздік спортшыларын қала әкімі Әмірхан Асанов құттықтап, марапаттарын өз қолымен табыс етті.
«Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев елімізде бұқаралық спортты дамыту жолында 2030 жылға дейін халықтың 50%-ын бұқаралық дене шынықтыру және спортпен қамту міндетін қойған болатын. Қазіргі таңда Арқалық қаласы бойынша 16 мың адам бұқаралық спортпен белсенді түрде айналысады. Бұл қала халқының 45,2%-ын құрайды», – деп атап өтті қала әкімі Әмірхан Асанов.
Сондай-ақ, қала басшысы өткен жылы өңірде жалпы көлемі 397 миллион теңгеге 36 спорт алаңы бой көтергенін, биыл жалпы көлемі 1 миллиард 268 миллион теңгеге спорттық мектеп-интернат пен күрес залы салынатынын, бұрынғы «Қазақстан» кинотеатрына күрделі жөндеу жүргізіліп, бұл ғимарат әйелдердің спорттық кешеніне айналатынын да тілге тиек етті.
2024 жылы қала бойынша Халықаралық дәрежедегі 1 спорт шебері, Қазақстан Республикасының 4 спорт шебері, 47 спорт шеберлігіне үміткер шығып, 160 спорттық разрядтар орындалды.
ҚР чемпионаттары мен кубоктарынан 11 жеңімпаз, 29 жүлдегер спортшылар анықталды. Сонымен қатар, Антон Цуркан, Александр Шпилевой, Константин Карлышев, Геннадий Баковский, Жұлдыз Сатыбалдина, Гүлмайра Сагиданова, Фарида Қастай, Жаслан Бекболат сынды спортшылар гір спортынан, самбо, қазақ күресі және тоғызқұмалақтан Әлем, Азия чемпионаттарының, халықаралық жарыстардың медальдарын қоржынға салды.
«Қол жеткізген табыстарымыз аз емес. Еңбегімізді елеп, сый көрсетіп, марапаттап жатқан қала басшылығына рахметімізді айтамыз. Спорт – адамға мықты денсаулық, тұрақты көтеріңкі көңіл – күй сыйлайды. Жаңа жылымыз да табысты болып, халқымыздың әл-ауқаты артып, шәкірттеріміз мерейімізді өсіре берсін», – дейді қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері, Халықаралық дәрежедегі төреші Алтынбек Болатов.
Жалпы, өңірде дене шынықтыру және спортты дамыту жұмыстарын 184 дене шынықтыру қызметкерлері жүргізеді.
Жыл ішінде қала мен ауылдарда 505 бұқаралық іс-шаралар өткізіліп, 24 мың адам спортпен қамтылған.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы