«Жас – Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы» ҚБ халық батыры А. Имановтың 150 жылдығына орай «Аманкелді-Торғай» өңірлерінде орналасқан киелі жерлерге ПРЕСС-ТУР ұйымдастырды.
Сапардың алғашқы нысаны «Кейкі батыр» кесенесі. Кесенеде батырдың рухына құран бағышталды.
Келесі нысан «Құтан әулие» кесенесі болатын. Жалпы, кесене биік дәрежеге дінді берік ұстануының арқасында жеткен Құтан әулиеге арналып орнатылған. Құтан әулие ерекше ақыл мен парасат иесі және данышпан адам болыпты. Сондықтан да болар, әулиенің – Абылай хан кеңесшілерінің бірі болғаны айтылады. Онын үстіне бабамыздың көріпкелдік және тәуіптік қасиеті болғанын ескерсек, бұл әңгіменің растығы айқындала түседі. Журналистер осы Құтан әулие жайлы ақпараттарды таразылай отыра, бұл жердің өзіндік тылсымы мен қасиеті бар екенін атап өтті.
«Торғай свастикасына» жол жүру барысында журналистерде «свастика дегеніміз не?» сұрақ пайда болды. Сұрақтың жауабы «Ауылым – алтын бесігім» жобасының ақпараттық нұсқаулық кітабынан табылды. Ол жерде «Свастика – козғалыс, өмір, күн, жарық, жақсылық сынды көп мағыналарды беретін өте ежелгі таңбалардың бірі (алғашқы рет ежелгі палеолит дәуірінде пайда болған) деп көрсетілген. Еркін энциклопедияға сүйенсек – үшайырық (трисеклион) бір нүктеден шыққан үш тармақты сәуле бейнесіндегі ежелгі символикалық бейне», – деп берілген.
Нысан аймақта егін шаруашылығы қарқынды дамып тұрған уақытта қар еріп, су тоғанында су молайған тұста, ауызын жауып, суды сақтап қалатын орында орналасқан. Мұндай, суды жібермей, жерді қолдан суландыратын әдіс бізге әдебиеттен: «Қырғыз егістігі» деген атауымен белгілі. Бір қызығы, нысан орналасқан орынды бұрынырақта жергілікті қазақтар Сәуле (күн нұры)деп атаған екен. Свастиканың орналасуында өзіндік бір сыры бар. Неліктен десеңіз, бұл жерде кезінде тазарту рәсімдері жүргізілген көрінеді. Пресс-тур журналистерін де қызықтырған осы ақпарат еді. Олар таң-тамаша болып, свастиканы толық айналып қарады.
«Торғай свастикасы» пресс-турдың соңғы нүктесі еді. Осы жерде журналистер барған киелі жерлер туралы ақпараттарын қорытындылап, өз пікірлерімен бөлісті.
Гауһар Қайсерова
Арқалық қаласы