Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің жеңімпаздары желтоқсанда анықталады

Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің жеңімпаздары желтоқсанда анықталады

   Елімізде 2023 жылдың 1 – 30 қыркүйегі аралығында Мемлекеттік басқару жүйесі үшін талантты жастарды анықтау және тарту мақсатында Президенттік жастар кадр резервіне кезекті үшінші іріктеу жүргізілуде.

Арқалық қаласы әкімінің аппарат басшысы, «Әдеп» жөніндегі уәкіл Бауыржан Бралиннің төрағалығымен, облыстан арнайы келген өкілдің қатысуымен өткен жиында осы мәселе кеңінен түсіндірілді.

Президенттік жастар кадр резервіне жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, қазақ тілін В1 деңгейінен кем емес меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады. Іріктеуге өтінімдерді қабылдау pkrezerv.gov.kz сайтында қолжетімді.

 «Қазір елімізде ауқымды жүргізіліп жатқан Президент бастамаларының бірі – Президенттік жастар кадрлық резерві. Мемлекет басшысы екі жылда бір рет өткізу бойынша тапсырма берген болатын. Бұл жастарға пәрменді әлеуметтік жеделсаты болып табылады. Біздің жастарымыздың, яғни өзіндік мақсаты бар, идеашыл жақсы қызметкерлеріміздің тез мезетте жоғары лауазымдарға тағайындалуына мүмкіндік береді.

Бұған дейін 2019-2021 жылдары өткізілген іріктеуде 350 резервші қабылданған болатын. Қазір олардың басым бөлігі жоғары лауазымдарда қызмет атқаруда. Мақсатымыз – осы тамаша мүмкіндіктерді жастарға келіп түсіндіру. Біз талапты жастарды осы беріліп отырған оңтайлы мүмкіндікті тиімді пайдалануға шақырамыз»,– дейді «Қостанай облысы әкімінің аппараты» ММ-нің персоналды басқарудың бірыңғай қызметінің басшысы Мэлс Әбдірахманов.

Кадрлық резервке іріктеуге тіркеу: Құжаттарды қабылдау;

Мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау;

Ситуациялық тапсырмаларды шешу;

Құзыреттерді бағалау (Assessment center және HR-сұхбат); Сарапшылық комиссияда әңгімелесу; Ұлттық комиссия отырысы тәрізді 6 кезең бойынша өткізіледі.

Іріктеу қорытындысы бойынша 50 кандидат резервке алынады. Жеңімпаздар ағымдағы жылғы желтоқсанда жарияланады.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу