Журналистер шаңғы тебуден жарысқа түсті

Журналистер шаңғы тебуден жарысқа түсті

Журналистер қауымы бүгін өздерін жаңа қырынан байқатты. Бұл жолы әріптестеріміздің таңдауы спортқа түсті. Бүгін қолына қағаз-қалам, микрофон емес, шаңғы таяғын ұстады. Қос таяқ, қос шаңғымен қос табан жолға түсіп, қабілеттерін сынға салып көрді.

БАҚ өкілдерінің ашық аспан аясындағы сайысынан біздің ұжым да тыс қалмады. Жарысқа бас редактордың орынбасары Аслан Қанғожин, журналистер – Шұға Қоңқабай, Әсел Қибаш және бағдарламашы Денис Власенко қатысып, көрермендердің көзайымына айналды. Шұға Аңсағанқызы үздік ондықтан, Денис Власенко алғашқы сегіздіктен көрінді.

«Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалы алғаш рет бұл жарысты ұйымдастырып жатыр екен. Сайыс  өз алдына қызықты болды деп ойлаймын. Қарап тұрсам, шаңғы теппегелі он  жыл болып қалыпты. Мақсат әзірге жеңу емес,  қатысу болып тұр. Бұл фестивальдің жыл сайын өтіп тұрғаны тәжірибе үшін де өзара басқосу үшін де пайдалы», – дейді Аслан Жақсылықұлы.

Журналистер одағының ұйымдастыруымен  БАҚ қызметкерлері арасындағы әуесқойлардың жарысында кәсіпқой шеберлер де болды.

Мәселен, әйелдер арасында жарыс жеңімпазы Айсұлу Курмузинова шаңғы тебумен он үш жасынан айналысқан. Ол бұл жарысқа баспасөз қызметі ұжымының атынан келгенін айтады.

«Шаңғыны бала кезімнен жақсы көремін. Он үш жасымнан айналысып келемін. Ұйымдастырушыларға біздердің басымызды  бір арнаға тоғыстырғаны үшін алғыс айтамын», – дейді  Айсұлу Курмурзинова.

Ал Ерлер арасында  өзіне көз ілестірмеген Алтынбек Сейілханның бұл спортқа келегеніне көп бола қоймапты.

«Жалпы өзім тоғызыншы сыныптан бастап айналыса бастадым. Мектептегі  ағайым жағдайымды көрді де қабілетімнің бар екенін айтты. Содан әкемнің шаңғышы жолдасы болды. Сол кісіге барып дайындалдым. Қаланың сыртында айналатын арнайы жерлеріміз болды. Сонда барып күн сайын жаттығамыз», –  дейді Қостанай аудандық «Арна» газетінің тілшісі.

Эстафеталық жарыста “Қостанай” телеарнасының ұжымы жеңімпаз атанды.  Баспасөз қызметі командасы екінші орын алса, өңірлік коммуникация қызметі ұжымы үшінші орынды иеленді.

Бұл іс-шара облыстық мәслихат депутаттары демеушілігімен өткізілгенін айта кетейік. Жеңімпаздарға халық қалаулыларының тарапынан арнайы сыйлықтар мен грамоталар тарту етілді. Депутат Махаббат Жотаев, Қазақтан Журналистер одағы облыстық филиалының жетекшісі Александра Серғазинова қатысушыларға лебізін білдірді. Енді аталған іс-шара жыл сайын ұйымдастырылатын болып, келесі феставальді өңірімізге белгілі спорт шолушысы Анатолий Гавриловтың құметіне арнау ұсынылды.  Жеңімпаздарға марапаттарды   «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы, «Костанайские новости» газетінің бас редакторы Олег Гурский, облыстық мәслихаттың депутаты Динара Өтебаева табыс етті.

Айбек ҒАЛЫМҰЛЫ

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев 

Жаңалықтармен бөлісу