Жангелдин ауданына қарасты Тәуіш ауылындағы Қаратүбек орта мектебінің құрылғанына 100 жыл. Бұл мерейтой бір мектептің ғана емес, тұтас ауылдың ғасырлық тарихын ұлықтаған тағылымды оқиғаға айналды. Айтулы іс-шараға білім ұясының әр жылғы түлектері, ұлағатты ұстаздар, құрметті меймандар шақырылып, мектеп мерекесі жоғары деңгейде аталып өтті.
Ғасыр – адамзат тарихы үшін қас-қағым сәт болғанымен, бұл – бір білім ордасының ғұмырында талай ұрпақтың тағдырын тоғыстырған, талай арманға қанат бітірген, сан мыңдаған шәкірттің жүрегінде өшпес із қалдырған ұлы белес. Биыл Тәуіш жұрты үшін осындай айтулы тарихи жыл. Тамыры тереңде жатқан қара шаңырақ – Қаратүбек орта мектебінің 100 жылдық мерейтойы ауыл тарихындағы айрықша оқиға ретінде аталып өтті.
Өткенге тағзым – болашаққа аманат
Ғасырлық мерейтойдың шымылдығы таңғы сағат 8:00-де тағылымы терең тарихи сәтпен түрілді. Тойдың ізашар іс-шарасы 1926 жылы Қаратүбек мектебінің алғаш қазығы қағылған тарихи орында ескерткіш белгінің ашылу салтанатымен басталды. Бұл – жай ғана ескерткіш белгі емес, жүз жыл бұрын білімнің алғашқы дәнегі егілген қасиетті мекенге деген ұрпақ тағзымы еді. Сол жерде талай баланың қолына алғаш рет кітап ұстатылып, әріп танытқан, білімге жол ашқан алғашқы ұстаздардың еңбегі еске алынды. Бір ғасыр бұрынғы қарапайым мектептен бастау алған білім шырағының осы күнге дейін жалғасып келе жатқаны уақыттың да, ұрпақтың да сабақтастығын айғақтады. Ескерткіш белгі ашылған сәтте өткенге тағзым етіп, болашаққа аманат айту мерейтойдың басты мәнін айқындағандай болды.
Қарашаңырақ қонақтарын қарсы алды
Тарихи сәттен кейін мерейтой қонақтары білім ордасына бет алды. Мектеп алдында қонақтарды салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтіп, туған жерден түлеп ұшқан түлектер мен мектеп ұжымы, ардақты ұстаздар, ел ағалары мен арнайы шақырылған қонақтар бас қосып, ғасырлық қара шаңырақтың төрінде қайта қауышты.
Мектеп табалдырығын аттаған әрбір қонақ үшін бұл күннің орны бөлек еді. Өйткені мұнда талай буынның балалық шағы, алғашқы арманы, ұстаздан алған алғашқы тағылымы мен үлкен өмірге жасаған алғашқы қадамы қалған. Бір кездері осы мектептен білім алып, әр тарапқа қанат қаққан түлектердің туған білім ордасына қайта оралуы мерейтойдың ең әсерлі көріністерінің біріне айналды. Ғасырлық мектептің қабырғасы сол күні өткен күннің үнін қайта естіп, талай жылдық естеліктер қайта жаңғырғандай болды. Ұстаздар мен шәкірттер қауышып, түлектер өздері білім алған сыныптары мен мектеп дәліздерін аралап, балалық шақтың ыстық естеліктерімен бөлісті.
Ұстаздар есімі ұрпақ жадында
Мерейтойдың мәнін арттырған тағылымды сәттердің бірі – мектеп тарихында өшпес із қалдырған ардақты ұстаздардың есімдерін ұлықтап, олардың құрметіне жаңартылған оқу кабинеттерінің ашылуы болды. Бұл игілікті іс – ұлағатты ұстаздардың ұрпақтарының демеушілігімен жүзеге асып, ұстаз есімін ұлықтау, еңбегін кейінгі буынға таныту және ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру мақсатында қолға алынған ерекше бастама.
Алғашқы кабинетке Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің аға оқытушысы, ұлағатты ұстаз Ғалымжан Бекетұлының есімі берілді. Тағы бір кабинет КСРО-ның үздік педагогі, Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі, жеті жылдық Қаратүбек мектебін басқарған, саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз Қабден Әбдібаев атамыздың есімімен аталды. Ал үшінші кабинет – Жангелдин ауданының мектептерінде ұзақ жыл математика пәнінен сабақ беріп, талай шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз Қали Махатов атамыздың атында. Үш бірдей кабинеттің ашылу салтанатында ардақты ұстаздардың өмір жолы мен еңбегі еске алынып, олардың шәкірттері мен ұрпақтарына деген құрмет білдірілді. Бұл кабинеттер – білім алатын қарапайым оқу бөлмелері ғана емес, ұстаз еңбегінің ұрпақ жадында сақталуының, өткен мен бүгіннің арасын жалғаған рухани көпірдің белгісі.
Тарих пен бүгіннің сабақтастығы
Мерейтойдың мазмұнын тереңдете түскен маңызды іс-шара – «Ғасырлық білім белестері» атты ғылыми-практикалық конференция. Келелі жиынның ашылуында Жангелдин ауданының әкімі Дінмұханбет Бидашев құттықтау лебізін жолдап, мектептің ауданның білім беру жүйесіндегі айрықша орнына тоқталды.
Конференцияда мектеп тарихы, оның ел мен қоғамға қосқан үлесі, осы қара шаңырақтан түлеп ұшқан азаматтардың тағдыры мен жетістігі кеңінен сөз болды. Алғашқы баяндаманы мектебіміздің түлегі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Құрманғали Дәркенов жасап, мекеменің тамырлы тарихына қатысты тағылымды ойларын бөлісті.
Сондай-ақ Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры Айсәуле Дүйсебекова, медицина ғылымдарының кандидаты, дәрігер Күлсім Оташева, мектеп директоры Данияр Кенжегалиев білім ордасының өткені мен бүгініне, ұстаз еңбегіне және ұрпақ тәрбиесіне қатысты ойларын ортаға салды. Мерейтойға арнайы келген облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Данагүл Сүйіндікова да мектеп ұжымын мерейтоймен құттықтап, арнаулы сый-сияпатын табыстады.
Ғылыми-практикалық конференция – өткенге есеп беру ғана емес, ғасырлық тәжірибеден тағылым алып, білім ордасының келешек бағытын бағамдаған маңызды алаң болды.
Түлектер алтын ұяда қауышты
Ғасырлық тойдың ең әсерлі сәттерінің бірі мектеп түлектерінің туған қара шаңырағына қайта оралуы еді. Бір кездері осы мектептің партасында отырып, ұстаздардан білім алған түлектер ұзын-сонар шеру жасап, салтанатты түрде мектеп табалдырығын қайта аттады. Бір сәтке балалық шаққа қайта оралғандай күй кешкен олардың бал-бұл жайнаған жүзінен сағыныш пен қуаныш лебі есіп тұрды.
Кешегі шәкірттер өздері білім алған сыныптарға қайта еніп, ұстаздарымен бірге сабаққа қатысты. Бір кездері қоңырау үнін асыға күтетін оқушылар бұл жолы мектепке ересек азаматтар ретінде келіп, балалық шақтың ыстық естеліктерін қайта жаңғыртты.
Ұлттық спорт – ұрпақты ұйыстырған дәстүр
Мерейтой аясында ұлттық және спорттық ойындар да кең көлемде ұйымдастырылды. Таңсәріден ауылдың әр нүктесінде жарыстар қыза түсті. Ат жарыс алаңында көкпар, тай жарыс, аламан бәйге дүркіреп, ұлт спортының айбыны асқақтады.
Орталық алаңда қазақ күресі, қол тірес, арқан тартыс, қой көтеру секілді күш пен ептілікті сынайтын сайыстар өтті. Мектеп спорт залында аудан мектептерінің оқушылары теннис және асық атудан бәсекеге түсті.

Ал ауылда жаңадан бой көтеріп, ел игілігіне беріліп жатқан спорт кешенінде мектеп түлектерінің ұйымдастыруымен волейболдан жарыс өтті. Осылайша, спорттық іс-шаралар бір ғана мектептің емес, бүкіл ауданның ортақ мерекесіне айналғандай.
Өрнегі бөлек өнер көрмесі
Мерейтойдың мәдени бағдарламасы да ерекше мазмұнға ие болды. Ауылдың мәдениет үйінде мектеп түлектерінің ұйымдастыруымен «Сазды әуен – сырлы тарих» атты ансамбльдік концерт өтті. Мәдени бағдарлама арқылы мектептің ғасырлық тарихы, туған жерге деген сағыныш, ұстазға деген құрмет және ұрпақтар сабақтастығы көрерменге ерекше әсермен жеткізілді.
Осы іс-шара аясында мерейтойдың өтуіне атсалысып, туған мектебінің өркендеуіне үлес қосқан ел ағаларына Алғыс хаттар табысталып, олардың еңбегіне құрмет көрсетілді. Бұл сәт мектеп пен ел азаматтарының арасындағы өзара сабақтастық пен ортақ жауапкершіліктің айқын көрінісіне айналды.
Ал ауылдың орталық алаңында 17 киіз үй тігіліп, қазақтың дархан дәстүрі кеңінен көрініс тапты. Ақшаңқан үйлер ауылдың сәнін келтіріп, мерекелік алаңға ұлттық нақыш пен ерекше көрік берді. Мерейтойға алыстан ат арытып келген қонақтар мен түлектерге ақ дастарқан жайылды.
Түйін – салтанатты жиын
Күн бойы жалғасқан сан түрлі іс-шара кешке таман орталық сахнада өткен «Мерейлі белес» атты салтанатты жиынмен қорытындыланды. Сахна төрінде ғасырлық тарихы бар мектептің өткені мен бүгіні сараланып, білім ордасының мерейтойы ұлықталды.Ұлттық және спорттық ойындардың жеңімпаздары марапатталып, үздіктерге лайықты құрмет көрсетілді. Сонымен қатар туған мектебінің дамуына, өркендеуіне үлес қосып, ғасырлық мерейтойды ұйымдастыруға қолдау білдірген түлектерге Алғыс хаттар мен естелік мүсіншелер табысталды. Кеш соңы «100 жылдық шежіре – ұрпақтар әуені» атты мерекелік концертке ұласты.

Ғасырлық мерейтойда осы мектептің тарихы ғана емес, оның тағдырын жасаған адамдар – ұстаздар, түлектер, ата-аналар, ауыл азаматтары ұлықталды. Бұл той өткенге тағзым етіп, бүгінді бағалап, болашаққа сеніммен қараған ұрпақтар кездесуі болды.
Осылайша, Қаратүбек мектебі ғасырлық белесті артқа тастап, екінші жүзжылдыққа қадам басты. Алда – асқақ асулар, биік мұраттар, жарқын жетістіктер тосып тұр. Ғасыр асқан білім ордасының шамшырағы сөнбесін, тамыры терең бойлап, өркені өрге тарта берсін, мерейі арта берсін!
Меруерт Серікқызы,
Қаратүбек жалпы білім беретін мектебі
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
