Жүргізушілерге үндеу жасалды

Жүргізушілерге үндеу жасалды

Өңірдегі жол-көлік жағдайы күрделі болып отыр. Соңғы бес жылда облыстың автопаркі 72 мың көлікке көбейіп, жолдардағы жүктеме айтарлықтай артты.

Республикалық «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында облыстық Полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин тәулігіне 13 мыңға дейін автокөлік өтетін «Қостанай – Әулиекөл – Сұрған» тас жолының ең жүктемесі жоғары учаскесінде патрульдік полицияның жұмысын тексерді.

Дәл осы жерде жол-көлік оқиғаларының ең көп бөлігі тіркеледі. Жыл басынан бері бұл учаскеде 39 жол апаты орын алып, 12 адам қаза болды, тағы 65 адам жарақат алды.

Ерлан Файзуллиннің айтуынша, жол апаттарының басым бөлігінің себептері белгілі. ЖҚО-ның 95%-ы жүргізушілердің кінәсінен болады. Басты қателік — ережелерді елемеу.

Қалаларда бұл көбіне жаяу жүргіншілерді қағуға алып келсе, елді мекендерден тыс жерлерде қауіпті маневр жасау, жылдамдықты асыру себеп болады. Ауа райы жағдайы да тәуекелді арттырады: көктайғақ, боран, нашар көрінушілік — мұның бәрі жүргізуші зейінін жоғалтқанда немесе өзін тым сенімді ұстағанда аса қауіпті.

blank

Жыл басынан бері полицейлер 250 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу фактісінің жолын кесті, 1 500 мас жүргізушіні және жүргізуші куәлігінен айырылған 350 адамды анықтады, ал ауыр құқықбұзушылықтар үшін 1 300-ден астам көлік арнайы тұрақтарға қойылды.

Жүргізушілерге үндеу жасаған Ерлан Файзуллин қысқы жолдар қателікті кешірмейтінін атап өтіп, барлық жол қозғалысына қатысушыларды бір-біріне құрметпен қарауға, Заң мен тәртіпті сақтауға, синоптиктердің ескертулерін ескеруге, өз өмірі мен айналадағы адамдардың өмірін қорғауға шақырды.

Полиция әрдайым көмек көрсетуге дайын, бірақ жолдағы қауіпсіздік әр жүргізушінің өзінен басталады.