Абай Олжабайұлы Қостанайдың солтүстік-батыс ауданының тұрғыны. «Алтын арман» шағын ауданындағы балаларына жиі қатынайды. Үй арасы өте алыс емес. Ол жаққа «Береке» ауданы арқылы апаратын жалғыз аяқ жол бар.
«Жалғыз аяқ жол» деуіміздің себебі, ол соқпақ төте болса да сол маңдағы жүргіншілер үшін қолайсыздық туғызып отыр.
«Әсіресе, қысты күні бұл жермен жүру қауіпті. Жүргіншілер жолы анау тұрған жер үйлердің жанынан үзіліп қалады. Себебі, ол тұсқа мынадай тегіс жол салу мүмкін болмай тұр. Үй иелері жан-жағын қалғандарынша қоршап тастаған», – дейді қала тұрғыны.
Иә, анау айтқандай, облыстық соттың айналасы болса да ол жердегі тәртіпті елеп жатқан ешкім жоқ.
Жергілікті тұрғындар көлік жүретін жолмен қабаттаса жүруге әбден бой үйретіп алған. Сырты әсем, айналасы гүлмен көмкерілген үш үйдің ауласын айналып өтіп, қауіпті жолға түсуге мәжбүр…
Осы сұрақтың жайы мазалап, қалалық әкімдікке хабарластық. Жер ресурстарын басқару департаментіне хат жолданды. Департамент өкілдері облыстық полиция департаментін нұсқады. Полиция департаментінің өкілі Ерболат Бегежанов айтылған мекенжайды бақылауға алғанын хабарлады. Ерболат Бегежановқа ол үйлердің тұрғындары қоршауда жатқан жердің мемлекетке тиесілі екенін, жүргіншілер жолын салуға қарсы емес екендерін баяндаған.
Александр Романович осы жерде 2012 жылдан бері тұрып келе жатыр.
“Біз көшіп келгенде бұл маңда ештеңе де болмаған. Содан аула сыртына ағаш егіп, күтіп-баптай бастадық. Кейін көше пайда болғанда адамдар баспасын деп айналасын қоршадық. Оған ешкім келіп, бізге тыйым салған жоқ. Жүріп-тұратын жол салып жатса, қайта қуанамыз, жер мемлекеттікі қарсылығымыз жоқ”, – дейді Александр Романович.
Осыдан екі жыл бұрын ол жерге жүргіншілер жолын салу туралы мәселе көтеріліп, аяқсыз қалған. Жағдайға байланысты Қостанай қалалық коммуналдық шаруашылық бөліміне облыстық полиция департаментінің тарапынан жүргіншілер жолын салуға нұсқама жіберілді.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Ернұр Әуезхан