Жолаушылар жанайқайы: “Арқалыққа жайлы пойыз керек”

Жолаушылар жанайқайы: “Арқалыққа жайлы пойыз керек”

«Ұлылар шыққан мекенге ұсқынсыз вагондар қатынап жүр». Жолаушылардың осы құралыптас арыз-шағымдарына орай арқалықтық атқамінерлер атқа қонып, қалаға қатынайтын пойыздардың бүгінгі хал-ахуалымен танысты.

«AMANAT» партиясының жергілікті депутаттары: Арқалық қалалық мәслихатының төрағасы Гүлбану Елтебаева мен «AMANAT» партиясы Арқалық қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сабыржан Тасмағанбет бастаған топ партиялық бақылау аясында қалалық «Қоғамдық кеңес» мүшелерімен бірлесе отырып, ең әуелі «Арқалық-Астана» пойызының барлық вагондарын аралап, оталып тұрған отарба тынысымен егжей – тегжейлі танысып шықты.

Жолаушылармен жүздесуге де уақыт тауып, олардың осы бағыттардағы теміржол тасымалына деген пікірлеріне қанықты.

Дәмелі Сейтқожина,

жолаушы:

– Кеше пойыз өте салқын болды. Дәретханасы қатып қалды. Адамдардың шұбырып вагонның келесі басына баруларына тура келді.

Тағы бір мәселе пойызға билет алу қиынның қиыны. Онлайн сатылымда билет болмайды. Адам толық болады. Вагон қосу керек деп ойлаймын. Жол бойы қиыншылық көріп келеміз.

Жанар Хамитқызы,

жолаушы:

– Пойыздың іші өте суық. Жамылғы жетіспейді. Кішкентай баласы барларға мүлде қиын.

Іші тастай қараңғы. Мінген кезде жарық қоспайды. Адамдар орындарын таба алмай сеңдей соқтығысып жүреді.

Рысты Қабденқызы,

жолаушы:

– Арқалыққа бірыңғай ескі вагондарды жібереді. Төсек-орны да ескі-құсқы. Тіпті ішінде жүруге қорқамыз. Жүргенде қатты теңселіп тұрады. Ең арғысы шайымызды да іше алмаймыз.

 

Халық үніне құлақ асқан халық қалаулыларынан құралған комиссия тоқетерінде пойыз басшысы Арман Молдабековке вагондардың ескілігі, суықтығы, санитарлық жағдайының нашарлығы сияқты ескертпелерін айтып, жоғары жақтағы басшыларына жеткізіп баруды тапсырды. Өздерінің алдағы уақытта да бұл өткір мәселені жағдай дұрысталмайынша жіті назарда ұстайтындықтарын жеткізді.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Арқалық қаласы

 

 

Жаңалықтармен бөлісу