Қала әкімінің төрағалығымен өткен дүйсенбілік дәстүрлі кеңесте автокөлік жолдарының сапасы жайлы сөз болды. ТКШ бөлімінің басшысы Дәурен Асқаров мінбеге шығып, жыл басынан бері атқарылып жатқан шаруаның есебін берді.
Баяндамашының айтуынша, қаланың жол желісінің жалпы ұзындығы 423 шақырымды құрайды. Қазір соның 419 шақырымы, пайызға шаққанда 99 %-і жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Бұл бір жылдың нәтижесі емес. Үздіксіз жүргізілген бірнеше жылдық жоспардың жемісі.
«Биыл қаланың көше-жол желісін жөндеуге 5,5 миллиард теңге бөлінді. Аталған қаражат жалпы ұзындығы 27,8 шақырымды қалпына келтіруге бағытталды. Оның ішінде орташа және жеңіл-желпі жөндеу, қайта жаңғырту, аулалар ішіндегі ірілі-ұсақты жұмыстар, оңға бұрылатын жолақтар салу сияқты түрлі деңгейдегі жұмыстар қарастырылды», – деген Дәурен Асқаров биылғы жоспарды талдап, ара-жігін түсіндірді.
Баяндамашының сөзінше 49 учаскеге орташа жөндеу жүргізілмек. Бұл дегеніңіз 22,3 шақырым. Қазір жоспар 65 %-ке орындалыпты. Ауқымды жобалардың бірі – Карбышев көшесіндегі асфальтті ауыстыру. Төрт жолақты кең көшенің жалпы ұзындығы 5,2 км. Соның 3,2 шақырымы жөнделді. Шаһар басшысы Марат Жүндібаев қарқынды арттырып, жеделдету қажеттігін тапсырды.
«Қайырбеков көшесіндегі жөндеу осы апта аяқталуға тиіс. Сәйкесінше Карбышев көшесіндегі жұмысты да бір жақты тиянақтылау керек. Жаңылмасам, келісім-шартта қазан айына дейін деп көрсетілген. Бірақ біз мерзімінен бұрын аяқтау туралы уағдаласқанбыз. Себебі алдағы күн райының қалпын кім білген?! Жауын жауса жөндеу жұмыстарының сапасына кері әсерін тигізеді. Сондықтан қыркүйектің басына дейін бітіруді ұсынамын. Мердігермен сөйлесіп, бір айдың ішінде жедел бітіру қажет», – деген қала әкімі кепілдік міндеттемелер туралы да естен шығармауға шақырды.
Бұл тұрғыда Абай даңғылындағы ахуалды еске саламыз. Биыл кепілдік мерзімі аясында мердігер Абай көшесінде жалпы ауданы 16 000 шаршы метрден асатын жолдың ақауларын қалпына келтірді. Бұл өте көлемді жұмыс. Берілген кепілдік мерзімнің соңғы жылы осылайша аяқталады. Шаһар басшысы Абай даңғылы қаланың негізгі көлік магистралінің бірі екенін атап өтті. Ал оның жағдайы әрқашан жақсы күйде тұруы тиіс деген міндет қойды.
Қымбат ДОСЖАНОВА
