Арқалықта қаланың шеткеріректегі Горбачев көшесіне асфальт жабыны төселді. Құрылыс мердігері — астаналық «Лидерстрой» ЖШС.
Ұзындығы төрт шақырымға жуық көшенің жол жөндеу жұмыстарына оннан астам адам және бірнеше техника жұмылдырылған. Құрылысшылар уақытпен санаспай еңбек етуде.
«Қаламызда жол жөндеу жұмыстары қала әкімінің басшылығымен жоспарға сай жүргізілуде. Бұған дейін бұл мердігер қаланың Қайырбеков пен Әуелбеков көшелерін толығымен асфальтап шықты. Салынып жатқан жолардың сапасы жақсы. Ескі жол жабындысының беті сүріліп алынды. Бүлінген жерлері бір метрге дейін қазылып, орнына қиыршық тас төселіп, нығыздалып, тапталды. Енді, осымен биылғы жол жөндеу жұмыстарын аяқтаймыз. Өйткені бұдан әрі қыс мезгілі таяп қалғандықтан ауа-райы суытады. Жол жөндеу мәселесінде алдағы жылға да әзірлеп жатқан көптеген жоспарларымыз бар», — дейді қалалық Тұрғын үй құрылыс жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Абылай Тұрғанов.
Сондай-ақ биыл қала іргесіндегі Новый, Северный кенттерінде де бірнеше көшеге асфальт салынды.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – автор