Жол жөндеу және оның күтімі – қашаннан-ақ өзекті мәселе. Жыл сайын миллиардтап қаржы құйылса да, бүтінделіп, тегістеліп жатса да түйткілі таусылмай келеді. Оған себеп – сапаға селсоқ қарау, сенім артылған мердігерлердің жауапсыздығы, қаражаттың ретімен игерілмеуі… Облыс әкімдігінде өткен жиында осы салада атқарылған жұмыстар мен күрмеулі мәселелер талқыға алынды.
Қостанай облысы жол ұзындығы жөнінен бірінші орында тұр – 9 500 шақырымнан асып түседі. Бұл – мақтаныш тұтуға жеткіліксіз дерек. Себебі, ең әуелі,оның сапасы мен күтімі жоғары деңгейде болуы тиіс. Жылма-жыл қатынасқа жарамсыз жолдар саны кеміп келеді. Оған қазынадан бөлінетін қаражат көлемі соңғы жылдары арта түскен. Биыл бұл салаға 55,9 млрд теңге құйылыпты.
«Осы қаражатқа 700 шақырымнан астам жалпы тұтыныстағы жол және 94 елді мекенде 299 көше жөнделді. Облыстық, аудандық маңыздағы жолдарды қалпына келтіруге 21,1, млрд теңге бағытталған еді. Бүгінге дейін межеге алынған 58 жобаның 46-сы аяқталды. 11 учаскедегі құрылыс алдағы жылға көшірілді. Оларды бітіруге 4,2 млрд теңге қаржы қажет болады. Тағы жобаны тәмамдау проблемаға айналып отыр. Ол – аудандық маңыздағы «Шұбалаң-Қарасу» автожолының 57-107 шақырым аралығы, –дейді облыстық Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Олжас Нұрғалиев.
Бұл мәселе мердігердің жауапсыздығынан туындап отыр. Қазір Жангелдин ауданы әкімдігі «Қазақ жолы 2050» ЖШС-мен келісім-шартты тоқтату және оны ықылассыз жұмыс орындаушы деп тану жұмыстарын жүргізу үстінде.
Мерзімінде аяталған ең ірі жобалардың ішінде РФ шекарасына өтетін 3 млрд теңгелік «Әйет-Варварин» тас жолын, Қостанайды облыстың оңтүстік өңірлерімен жалғайтын «Әулиекөл-Жалдама» жолының 50 шақырымдық жөндеу жұмыстарын ерекше айта кетуге болады. «Ауыл – ел бесігі» арнаулы жобасы аясында 57 ауылда 124 көше, бір елді мекенде кіреберіс жол салынған. Көлік инфрақұрылымын жақсарту мақсатымен жергілікті бюджеттен 13,5 млрд теңге бөлініп, ауылдарда 187 көше, 19 тас жол учаскесі қалыпқа келтірілген.
Ендігі басты мәселе – жөнделген, жаңадан салынған жолдардың сапасын бақылау. Бұл – жұмырлай түсуді қажет ететін шаруа. Себебі жол құрылысы кезінде ақау жіберу немесе сапаға салғырт қарау деректері азаймай тұр. Кері көрсеткіш жөнінен Б.Майлин, Денисов аудандары мен Арқалық қаласы «қызыл аймаққа» енген.
«17 қарашадағы көрсеткіш бойынша, жұмыс сапасы мен материалдарға жүргізілген сараптама нәтижесі көрсеткендей, 328 кемшілік анықталған. Солардың арасында Майлин ауданындағы жаңа жолдардан 104 ақау, Арқалықта – 67 және Денисов ауданында 41 олқылық шықты. Аудандық тас жолдар жөнінде 40, көше жол желілеріне қатысты 288 ескерту берілді. Осы кемшілікті жою міндеттеледі», – дейді басқарма басшысы.
Ол істелген жұмыстың сапасына күн райының қолайсыздығы да кері әсерін бергенін айтты. Мәліметінше, мамыр-қыркүйек айлары аралығында облыс көлемінде ұзын саны елу күн жаңбыр жауған. Салдарынан жаз жалпағында құрылыс қиындықпен жүріп, компанияларға көп қолбайлау болыпты. Дей тұрғанмен, О.Нұрғалиев жоғарыда аталған үш өңірден басқаларында жағдай анағұрлым жақсырақ екенін атап өтті. Бірақ облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұған дүдәмалмен қарады.
«Барлық ауданда бәрі толықтай жақсы екеніне күмәнім бар. Шынымен де кепілді мерзімде еш өңірден ешқандай ақаудың шықпағаны рас па? Еңбек рәсуа болып, ақша желге ұшпауы керек. Ол үшін жұмыс басталған күннен бастап қатаң бақылау болуы керек. Сіздердің міндеттеріңіз – жөндеу, жұмыс барысын, сапасын қадағалау. Әлдебір өңірде олқылық кештеу білініп жатса, болар іс болып, бояуы сіңгеннен кейін мердігерлерге кінәрат-талап айту оңай болмайды. Ал жауапсыздық танытқан компаниялармен дереу қош айтысу керек», – деді өңір басшысы.
Ол ауыр салмақты көліктердің, тракторлар мен жүк көліктерінің жаңадан салынған жолдың ту-талақайын шығарған оқиғалар азаймай тұрғанын, әсіресе ауыл тұрғындарынан шағым жиі түсетінін айтты. Жүк көліктерінің бақылаусыз қозғалысына шектеу қою керек делінді. Мұның шешімін табуға жаңа құрылғылардың көмегі жатыр екен.
«Биыл облыстық маңыздағы автожолға жүк көліктерін өлшеу, анықтау жүйесін орнаттық. Бұл аппаратты-бағдарламалық кешен – ел көлемінде қолданылған алғашқы жүйе. Келесі жылы осындай тағы үш кешен орнатуға қолдау білдіруіңізді сұраймыз. Біріншісін Введен ауылы бағытынан облыс орталығына кірер жолға, екеуін Б.Майлин және Жітіқара аудандарына ірі щебен карьерлері маңына орнатуды көздеп отырмыз. Сондай-ақ биік техникалардың емін-еркін жүріп-тұруына тосқауыл болу үшін аркалар орнатуды ұсынамыз», – дейді басқарма басшы.
Жиында алдағы жылға құрылған жоспарлар да жария етілді. Басқарма басшысының айтуынша, 2024-2025 жылдары автожол саласын дамыту жоспарына сәйкес, келер жылы жергілікті маңыздағы 1000 шақырым жол және ауылдарда 280 көше жөнделмек. Бұдан бөлек, облыс әкімі жұмысы жандана түсуі тиіс ірі жобаларды да екпін сала айтып өтті.
«Біріншіден, «Сарыкөл-СҚО» бағытындағы күре жол құрылысын аяқтау керек. Бірақ үш жыл уақыт өтті, жұмыс тұралап тұр. Екіншісі – Арқалық пен Ұлытау облысы шекарасындағы жолды жөндеу жобасы. Ұзындығы 57 шақырымдық бұл учаскеде жұмыс жүріп жатыр. Келесі жылға тиісті деңгейде қаржыландырылды. Сіздердің міндеттеріңіз – қажетті құжаттарын рәсімдеумен қамсыздандыру. Үшіншісі – кеңес заманынан жөндеу көрмеген Ұзынкөл-Троебрат тас жолы. Оны да шұғыл қалыпқа келтіру керек», – деді Қ.Ақсақалов.
Бұдан соң жолдардың қыс мезгіліндегі күтімі мәселесі талқыланды. Бұл үшін қаржы да, техника да жеткілікті. Тек соны қажеттілігіне сай пайдалану, қар құрсауында қалу қаупі бар аймақтарды алдын ала анықтап, төтенше жағдай туындай қалған жағдайда әрекет ету алгоритмін осы бастан қамдап қою шарт.
Жандос ЖҮСІПБЕК
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ