Жол жақсарып, жұмыс жанданды

Жол жақсарып, жұмыс жанданды

Ауылдың дамуы оның жолдарымен тікелей байланысты. Степняк ауылының аудан орталығымен байланыстыратын автомобиль жолы тозығы жетіп, талай жылдан бері жөндеу жұмыстарын қажет етіп келген. Нақтырақ айтсақ, ой-шұқыры көп, су ағарларының әбден тозығы жеткен еді.

Степняк жұртын, әсіресе, ауылға кіреберіс жолдың жай-күйі қатты алаңдататын. Жақында осы жолдың жөнделетіні белгілі болды. Бұл жаңалық ауылдағы ағайынды қуантып қойды.

«Бұл жолдың сапасы өте нашар. Күре жолдың бойында тұрған ауыл болғандықтан, қыста қар алып, одан қалды көктемде су тасығанда үнемі шайып кетіп, тұрғындарды әбігерге салатын. Бұрын асфальт болмаған еді. Биыл жол төселіп, тіршілік қайта жанданды. Бүгінде ауылымыздағы мектепті күрделі жөндеу жұмыстарын жасап берсе деген халқымыздың тілегі бар. Жазда облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұқаметқали келіп, білім ордасының жай-күйімен танысып, алдағы жылы жобалық сметасы жасалынып, жөндеу жүргізілетінің айтты. Ауылымыз жақсы. Табиғаты да тамаша. Бастысы, жол төселді», – деп ағынан жарылды ауыл тұрғыны, мектепте мұғалім болып жұмыс істеп жүрген Айбек Ерғазинов.

Биыл жергілікті бюджеттен 349 млн қаражат бөлініп, ауылға кіреберіс 3,17 шақырым жол жөнделетін болып шешілді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің берген мәліметінше, аудандық маңызы бар осы даңғылды орташа жөндеу жұмыстарымен мердігер «Танар» жеке кәсіпкерлігі айналысқан. Мұндағы қарқынды жұмыс қазір аяқталуға таяу.

«Бүгінде ауылда 100-ден аса тұрғын бар. Мектепте оқушы саны 30-дан асады. Ауыл тұрғындары мектепте, жеке шаруа қожалықтарында және екі ірі ЖШС-де еңбек етуде. Мұндағы жұртшылық көптен сұрап жүрген бір мәселе шешімін тапты. Жолы жөнделді, енді алдағы уақытта басқа да мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі. Жасыратыны жоқ, ауылда оқушы саны аз. Бұл бойынша да жұмыстар істеліп жатыр», – деді Үштоғай ауылдық округінің әкімі Самат Қадыршинов.

Елді мекендерде атқарылып жатқан ауқымды шаралар – болашақта ауылдық жерде тұруға ниеттенген жастардың ықыласын арттырып, болашаққа үміт ұялатып, олардың тұрақтап қалуына жасалған игі қадам.

Мемлекеттің кешенді жобаларының нәтижесінде ауылдардағы біраз мәселе шешімін табуда. Әсіресе, тұрғындар жиі көтеріп, жауыр болған мәселелер Үкімет назарына алынып жатыр. Ұлтымыздың алтын қазығы ауыл өмірін жақсарту мемлекетіміздің басты міндетіне айналғаны үлкен қуаныш!

Айбек ТАҢАТБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу