Жол үгітіліп жатыр

Жол үгітіліп жатыр

Рудныйда мердігер серіктестік жаңбыр жауғанына қарамастан тас жол төсеген. Ұйымға ТКШ бөлімінен және “Лир” ЖШС техникалық қадағалау тарапынан Фролов көшесіндегі қиыршық тас пен құм қоспасы кепкенге дейін жұмысты тоқтатуға ауызша ескерту жасалыпты. Алайда, “Royal Riches” ЖШС оған құлақ аспаған.

Мердігер 2023 жылдың 7 тамызында Мемлекеттік сатып алу арқылы П.Корчагин, Қашар-Ольхов көшелері аумағында, Балықты мен Азиатский көшесі шекарасында, Фролов пен Октябрьдің 50 жылдығы көшесінен жыраға дейінгі жолды орташа жөндеуге тапсырыс берушімен шарт жасасқан. Жұмыс 30 қыркүйекте аяқталуға тиіс еді. Бірақ тамыз бен қыркүйек айындағы жауын-шашынға байланысты мерзімді 11 қазанға дейін ұзартуға мәжбүр болды. Соның өзінде мердігер компания үлгермей, асығыс істеудің салдарынан жолда ойық пайда болып, асфальттің беткі қабаты үгітіліп, сапасы нашарлаған.

– Жұмыс заңнамаға сай орындалуы керек, біз қайшы әрекетке бармаймыз. Мердігерге қаржы төлемек былай тұрсын, жұмысты мерзімінде аяқтай алмаудың өзі заңсыздың болып саналады. Сол себепті 11 қазаннан бастап өсімпұл қосылып жатыр. Келісім-шартты создыруға негіз жоқ, – дейді Рудный қаласы әкімінің коммуналдық мәселелер жөніндегі орынбасары Валерий Полешко.

Жол активтері ұлттық сапа орталығының Қостанай облысындағы өкілі Ринат Оразақов жол төсеудің технологиясы бұзылғанын растап отыр.

– Мердігер жаңбыр суының кепкенін күтуі керек еді. Дымқылдың үстіне асфальт төсегендіктен ойпаттар пайда болып, үгіле бастаған. Негізінде тас жол төсеу үшін тәуліктік ауа температурасы +10 градустан төмен болмауы керек, – деді Р.Оразақов.

“Лир” техникалық қадағалау серіктестігінің инженері Тимур Кариев те жұмыстың қабылдауға келмейтінін жеткізді.

– Төселген тас жолдың астында негіз жоқ. Әрі кетсе бір қысқа шыдас береді. Сол себепті мұндай жұмысты қабылдай алмаймыз, – дейді Т.Кариев.

Мердігер компания өкілі Двни Вазо ескерту алғанын мойындап отыр. Айтуынша, жаңбырдың салдарынан жұмыс өнбей қойған.

– Ауа райының қолайсыздығынан мерзімінде аяқтай алмадық. Бірақ жаңбыр суы кеппесе де тас жол төсеуге бекіндік. Себебі, топырақ саз-батпаққа айналғанда көліктердің жүріп-тұруы қиындап кетер еді. Қалай болғанда да асфальт төсеп берейік деп ойладық. Жауапкершіліктен қашпаймыз. Мүмкін болса, шартты келер жылға ұзартуға талпынып көреміз. Тас жолдың беткі қабатын алып тастап, жаңадан өз қаржымызға төсейміз. Ондай жағдай біздің практикада болған, кепілхат береміз, – дейді мердігер ұйым өкілі.

Фролов көшесінің ұзындығы – 600 метр. Оған мердігер 700 тонна асфальт жұмсаған. Оған 25-30 млн теңге шығын кетіп отыр. Ұйыммен жасалған келісім-шарт мерзімі өтіп кеткендіктен, ешқандай төлем жүргізілмеген.

Сонымен келісім-шарт келесі жылға ұзартылады ма, жоқ па, белгісіз. Тапсырыс беруші тарап мердігердің атына сотқа шағым түсірген жоқ. Егер мәселе сотта қаралып, мердігер ұйым жауапсыз деп танылса, ТКШ бөлімі қайтадан тендер жариялайды.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу