Жол құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Жол құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Биыл көктем шығысымен «Алюминстрой» ЖШС су тасқынына байланысты бұзылған жолдар мен бөгет-көпірлерді қалпына келтіру жұмыстарын қолға алды. Төтенше жағдай жарияланған облыстың оңтүстік өңірлері Арқалық қаласы, Аманкелді және Жанкелдин аудандарында жаз бойы тынымсыз еңбек атқарылды.

Мекеме тарапынан әр өңірге техника бөлініп, экскаваторлар, погрузчиктер, жүк машиналары іске жұмылдырылды. Тасқын су тартылғаннан кейін көтерме жолдардың шайылып кеткен тұстарына инертті материалдар, құм, қиыршық тастар тасылып, мамандар тынымсыз еңбек етті.

Жолдарды жөндеуге жобалар жасалып, соған сай іс-қимылдар атқарылды. Жол бойына қосымша суағар құбырлар салынды. Мұндай жұмыстар Арқалық қаласына қарасты Аққошқар, Қайыңды және Әбдіғаппар хан ауылдарында жүзеге асып, су бұзған көпір де жөнделді.

Аманкелді ауданында құм, қиыршық тас тасу жұмыстары жүргізіліп, кәсіпорынның 15 жүк көлігі бір айға жақын уақыт бойы жұмыс істеді.

Серіктестік күшімен Жанкелдин ауданының Тәуіш ауылында апатты жағдай кезінде су бұзған жолдардереу жөнделіп, қатынас орнатылды. Көкалат ауылының «Көлқамыс» бөлімшесінде жаңадан 19 үй салып, пайдалануға берді. Көкалат, Шұбалаң ауылдарының жолдарын жөндеді.

  «Көптеген жобалар жүзеге асқанымен біраз жұмыстар көмек ретінде атқарылды. Жұмысшыларымыз оған түсіністікпен қарап, тегін қолқайыр жасады»,-дейді «Алюминстрой» ЖШС бас директоры Абай Мұқанов.

Қазіргі таңда серіктестік мамандары Жанкелдин ауданының Ақкөл ауылына баратын көтерме жолды жөндеп жатыр. Көктем уақытында су бұзған жерлері тегістеліп, дұрысталды. Енді жол бойындағы су өтетін бөліктерге құбырлар салынып, қиыршық тас тасылып төгілуде. Бұл жұмыстар алдағы жаңа жылға дейін жалғасатын болады.

Негізінен бұл бағытта серіктестік екі жылда елу шақырым жол жөндеуді міндетіне алған. Серіктестік басшысы жолға қажетті құрылыс материалдарын тасуды қыс мезгілінде де  тоқтатпайтындықтарын айтады.

Жол бойында ұжымның 4 техникасы, яғни 2 бульдозер, 2 каток жұмыс істеуде. Ал, жол құрылысына қажетті қиыршық тасты ондаған машиналар тасымалдайды.

Жаңалықтармен бөлісу