Бүгін облыс әкімдігінде өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен орақ науқанының қорытындысын шығаруға арналған аппарат отырысы өтті. Баяндамалар тыңдалып, кейбір өзекті мәселелер талқыға алынды.
Биылғы жиын-терім жұмыстары жоспардағыша аяқталып, диқандардың маңдай тері өтелді деуге болады. Жалпы көлемі 5 млн 973 мың тонна астық бастырылды. Өңірдегі орташа шығым көлемі – гектарына 14 центнерден. Шығымдылық жағынан Сарыкөл мен Ұзынкөл аудандары көш бастады. Қазір майлы дақылдар жиын-терімі жоспардағыдай жалғасып жатыр. Жиында орақ маусымының барлық есеп-қисабы жөнінде толық дерек берілді. Түйткілді мәселелер де сөз етілмей қалмады. Атап айтқанда, субсидия, мерзімі ұзартылып берілген төлемнің өтелмеуі, кейбір бағдарламаға қатысу белсенділігінің төмендігі және басқалары. Облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхамедовтің айтуынша, пролонгациялық төлем алған өңір диқандарының 50 пайыздан астамының әлі күнге берешегі бар. Ал жауапкершіліктен құтылуға осы жылдың 1 қарашасына дейін ғана уақыт қалды.
«Көбі бүгін-ертең өтеуді жоспарға алып отыр. Биыл бұл берешектен толық құтылуға міндеттіміз. Ол жөнінде барлық кәсіпкер ақпараттандырылды. Егер талап отырдалмаса, келісім-шартта көрсетілгендей, сот тәртібімен мәжбүрлі түрде өндіріп алынады. Негізі, бұл бізде жылда қайталанатын жағдай емес. Былтырғы орақ маусымы қаншалықты қиын болғанын білесіздер. Ол бағаға да әсер етті. Ықпалын әлі де сезініп отырмыз. Дегенмен биыл пролонгацияға жүгіну туралы сөз болған жоқ», – дейді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, субисдия мәлесесі бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігімен тұрақты байланыс ұсталып отыр. Әйткенмен тиесілі қаржының қашан түсетіні әзірге белгісіз. Бір анығы, субсидиялаудың тоғыз түрлі бағдарламасы бойынша 45 млрд теңге қарыз сұралған. Тағы бір жәйт, қостанайлық шаруалар кейбір бағдарламаға қатысуда аса белсенді емес. Мәселен, «Кең дала 2» бағдарламасының шарттары өте тиімді. Қараша айында өтінім қабылдау басталмақ. Мемлекет шамамен 100 млрд теңге бөлгелі отыр. Облыс әкімі оның игілігін пайдалануға шақырды.
«Өкінішке қарай, біз үнемі кешеуілдеп, несие алуды көктемге қалдырамыз. Қазір кәсіпкерлерге жыл соңында несиеленуге мүмкіндік бар. Бұл – 5% мөлшерлемесі бар ең тиімді бағдарлама. Егер шаруалар кредитті жарты жылға алса, 2,5%-бен төлем жасай алады. Мұны көбі пайдаланады. Қазір бізге аз уақыт ішінде «Аграрлы несиелеу корпорациясы» ЖШС алдындағы қарызды төлеу қажет. Солай ғана жедел түрде қайтадан несиеге өтінім бере аламыз», – дейді облыс әкімі.
Ал басқарма басшысының мағлұматына сенсек, «Кең дала 2» бағдарламасына кеш қатысуымыздың нақты себептері бар.
«Бұл бағдарлама бойынша шамамен 32 млрд теңге қаржы игерілді. Биылғы егіс жұмыстары басталған кезде тек «Кең дала» бағдарламасы болды. Оның аясында кәсіпкерлеріміз 31 млрд теңге несие алды. Ал «Кең дала 2» кейінірек іске қосылды, қаржысы да кешірек келді. Ол кезде шаруалар барлық қажеттіліктерін түгендеп қойған. Бір айта кетері, осы бағдарламаны игеру жөнінен елдегі алдыңғы қатарлы өңірлер тізіміндеміз». – дейді И.Бекмұхамбетов.
Бұдан бөлек, тыңайтқыш құнының 60% төлеуге облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Қалғанын өтеу диқандардың өз мойнында. Ал минералды тыңайтқышсыз мол өнім алудан үміттенбей-ақ қоюға болады. Сондықтан өңір басшысы топырақты құнарландыруға айырықша ден қою керегін, бұл үшін жауапкершілік арта түсетінін айтты. Жеңілдетілген несие қаржысын тыңайтқыш алуға бағытталу қажет. Мұның сыртында «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 5% мөлшерлемемен техника салып алуға да зор мүмкіндік бар екені мәлімделді.Айта кетейік, облыстағы лицензиялы 36 элеваторға 1,5 млн тонна өнім түскен. Оның 1,2 млн тоннасы – бидай.
Толығырақ газеттен оқи аласыздар.
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ