Астанада «Astana Mining & Metallurgy (AMM) — 2025» атты тау-кен металлургия конгресі 15-рет өтті. Биылғы жылы форумға 20 елден 1300-ден астам делегат қатысты.
Саланың ең ірі іс-шарасы ретінде танылған бұл жиынның басты тақырыбы – «ТКМК трансформациясы: жаһандық сын-қатерлер мен нарық өзгерістеріне жауаптар» болды.
Конгреске Парламент пен мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, отандық және шетелдік компаниялардың өкілдері қатысты. Солардың қатарында қала құраушы кәсіпорын – «Қостанай минералдары» АҚ делегациясы да болды.
Компания атынан техникалық директор Айбол Смағұлов пен GR-директор Дәурен Мөңкебаев қатысты. Мұндай форумдарға қатысу – тәжірибе мен білім алмасу мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар жаңа әріптестіктерге, бірлескен бастамалар мен стратегиялық шешімдерге жол ашатын маңызды алаң. Бұл өзгеріп жатқан тау-кен металлургия саласында компанияның позициясын нығайтуға ықпал етеді.
AMM дәстүрлі түрде бизнес, ғылым және билік өкілдерін тоғыстыратын алаң екені сөзсіз. Екі күнге созылған іскерлік бағдарлама аясында Үкімет мүшелері мен ірі компаниялар басшылары қатысқан пленарлық сессия, 19 тақырыптық сессия, үш салалық форум және 387 B2B-кездесу өткізілді. Қатысушылар саланың негізгі үрдістерін – тұрақты даму, өндіріс процестеріне жасанды интеллектіні енгізу, геосаяси тұрақсыздық жағдайындағы инвестициялық климатты талқылады.
Биыл экология, цифрландыру, өнеркәсіптік қауіпсіздік, кен өңдеу және технологиялық инновациялар мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл бағыттар «Қостанай минералдары» АҚ үшін аса өзекті, өйткені кәсіпорын өндірістік процестерді жаңғырту мен ESG қағидаттарын енгізу жобаларын белсенді түрде жүзеге асырып келеді.
Конгрестің маңызды бөлігі – көрме болды. Онда 12 елден 50 компания, оның ішінде 35 қазақстандық өндіруші өз өнімдерін ұсынды. Бұл – отандық ғылым мен өнеркәсіптің әлеуеті артып келе жатқанын айқын көрсетеді. Компаниялар тау-кен техникасы, автоматтандыру, экологиялық әзірлемелер және цифрлық платформалар саласындағы шешімдерін таныстырды.
«Қостанай минералдары» АҚ үшін «AMM-2025» тау-кен металлургия конгресіне қатысу – кәсіпорынның кәсіби қауымдастықтағы белсенді ұстанымын және даму жолындағы ұмтылысын тағы бір мәрте дәлелдеді.
@ gazetakm