Бүгін таңғы сағат 04.29-да Жітіқара қаласында жеке тұрғын үйден өрт шығып, салдарынан шатыры опырылып түскен. Ең өкініштісі, өрт сөндірілгеннен кейін үйінді астынан бес баланың денесі табылды.
Оқиға орнына 7 минут ішінде құтқарушылар келіп жеткенше, үй толығымен отқа оранған. Өрт сөндірушілер тез арада өртті сөндіріп, үйінділерді тазартуға кірісті. Сағат 06:08-де өрт оқшауланып, толығымен сөндірілді.
Апат кезінде үйде ересектердің қарауынсыз 2011, 2016, 2018, 2019, 2022, 2023 ж. кәмелетке толмаған балалар болған. Өкінішке қарай, үйінділерді тазарту барысында бес баланың өлі денесі табылды. Балалардың үлкені, 2011 жылы туған жеткіншек қана аман, зардап шекпеген.
“Алдын ала мәлімет бойынша, балалардың анасы кешкісін құрбысына кеткен, ал әкелері түрмеде отыр. Қазір оқиғаның себептері анықталып жатыр. Өрт-техникалық зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Апаттар медицинасы орталығы филиалының психологтары туыстарына қажетті психологиялық көмек көрсетуде. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан барлық қажетті көмек, соның ішінде материалдық көмек те беріліп жатыр. Қостанай облысының әкімдігі туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады”, – делінеді облыс әкімдігі таратқан хабарламада.
ТЖМ тұрғындардан кәмелетке томаған балаларды қараусыз қалдырмауды сұрайды!