27 Сәуір, 2025
ЖИ жөніндегі Ривз бен Масктің диалогі: кімдікі дұрыс?

ЖИ жөніндегі Ривз бен Масктің диалогі: кімдікі дұрыс?

Кеше ғана өзін “Киану Ривзбін” деп таныстырған алаяққа алдана жаздаған қостанайлық әйел туралы жазып едік. Осыдан соң шынайы Киану туралы жақында жария болған мына бір әңгімені оқырманмен бөлісе кетуді жөн көрдік.

Киану Ривз – әлемге әйгілі киноактер. Бір “Матрица” фильмін айтсақ жетеді. Болмаса, бертіндегі “Джон Уигі” бар. Ол түскен шедевр кино өте көп енді. Сөйте тұра, ол – жанкүйерлерін жанжал-скандалмен де, әртістік ғаламаттығымен де емес, сирек кездесетін адамгершілік болмысымен баураған жан. Оған да мысал көп… Ал енді Илон Маскті де білерсіздер? “Адамзатты түбі Марсқа көшіремін” деп жаһанға жар салған, гравитацияға “жекпе-жек тастап”, ғаламшардың инфрақұрылымын түп-тұқиянымен құбылтуға ант еткен атақты инженер, визионер, миллиардер.
Осы екі мықтының жақында ғана “Болашақ диалогы” аталатын жиында жолдары түйісіп қалғаны туралы қызық әңгіме тарап жүр.

Қысқасы былай болған. Кешке келген екеуін де нөпір қауым қошеметпен құрақ ұшып қарсы алады. Қызық болғанда, кешті ұйымдастырушылар Ривз бен Маскті: қос жұлдызды, екі бөлек әлемді, технология мен өнерді, салқынқанды алгоритм мен адами құндылықты, бір-біріне қарсы қоюды, пікірсайысқа шығаруды ұйғарыпты. Содан, диалог бастала салысымен зал демін ішіне тартып, сілтідей тынады.

“Киану, шынын айтсам, диалогқа түсуге келіскеніңе таңғалдым, – депті миықтан күліп Илон Маск. – Өзің де білесің ғой: кино дегенің – өткен-кеткен тарих. Ал жасанды интеллект – болашақ. Голливуд өледі”.

Зал тым-тырыс.

“Ренжіме, әрине, – деп сөзін сабақтайды Маск, – бірақ сенің мансабың – ендігі маңызын жойған арттағы дәуірлер жаңғырығы ғана. Адамдарға эмоция емес, эффективтілік керек. Роботтар шаршамайды. Олар мінсіз. Енді он жылдан соң актерлердің мүлдем қажеті болмайды. Виртуалды образдар бәрі-бәрін алмастырады”.

Залдағылардың бірі мырс-мырс күледі, енді бірі, “осы шындық-ау” дегендей, ішегін тартып, арадай уілдеп таңданысып, асып-сасқан дыбыс-белгілер шығарады.

Бірақ Киану әдеткі сабырлы қалпында қаздиып тұрады да қояды. Илонға еш эмоциясыз бір, залға бір қарап алып, былай дейді:

“Егер жасанды интеллект түбінде адамды шынымен бақытты ете алса, егер ол нәрестені құшағына басып, оны жанымен сүйетінін сездіре алса, – мен, бәлкім, сол кезде кетермін. Бірақ оған дейін… мен осында қала тұрмақпын. Өйткені бір де бір алгоритм сахнадағы әкенің баласымен қоштасып тұрған сәтін беретін тыныштықтың қалай естілетінін білмейді; Өйткені бір де бір бағдарлама адамның алғаш рет “Мен кешірдім” деген кезінде өне-бойын көктеп өтетін дірілін сезіне алмайды; Сіз мінсіз кадр жасай аларсыз. Бірақ жан жасай алмайсыз. Ал онысыз – сіз ойлап шығарғанның бәрі – өмірдің өзі емес, көлгір көшірмесі”.

Зал тағы сілтідей тынды. Кез келген пікірсайыста алға шығып үйренген Масктің өзі “ал жарайд” (“ал райд”) дегендей, қабағын көтерді де қойды. Киану жалғай түсті:

“Сіз адамның бәрі ұдайы бақылауда ұсталатын болашақты жасап жатырсыз. Бірақ адам – контроль емес. Адам – хаос. Эмоция. Ауырсыну, жаралану. Жоғалтқанда жылаймыз, содан қорқа тұра сүйеміз… Егер жасанды интеллект актерлерді алмастырар болса, әуелі ол адам болуды үйренуі керек. Ал бұл… бұл ракета салудан әлдеқайда қиынырақ”.

Осы кезде зал қошеметтен дуылдап кетеді. Бұл сыпайылық қошеметі емес-тін. Адамдар орындарынан тік тұрды. Бұл қол шапалақтауда: бәрі көптен түйсініп жүрсе де ойша жүйелей алмаған сөзді ақыры біреудің аузынан естігендегі жеңілдену хәлі бардай еді.

Келесі күні-ақ бұл диалог интернет шарлап кетті. Миллиондар: “Біздің не үшін маңызды екенімізді еске салғаныңа рахмет!” деп пікір жазды. Иә, ол цифрлық стерильдікке қарсы, қатесіз, ауырсынусыз, тірі сезімсіз идеал болашаққа қарсы манифеске айналып шыға келгендей болыпты…

…Киану түскен “Матрица” фильміне қайта соғайықшы. 1999 жылғы сол кинода “адамзатты жасанды интеллект жұтып жатқаны, осы нәубеттен Таңдаулы Нео (Киану) құтқаратыны” баяндалушы еді ғой (Идеясы ИИ-ге қарсы соғысқа саятын фильмдер аз да емес: “Терминатор”, “Я, Робот”, “Эон Плакс”, т.с.с.)

Ал, енді, Киану мен Масктің диалогы болғаны шын ба, дақпырт па – ол жағы анық емес. Бастысы – ой салатынында. Сондықтан, жасанды интеллектіні игілік көріп, құлша жұмсап, қолы ұзарып жүрген замандастар, осы айтылмыштар туралы қандай алып-қосарларыңыз бар? Бізге пікірлеріңізді білу қызық.

Жаңалықтармен бөлісу