Жетістік те, кемшілік те бар

Жетістік те, кемшілік те бар

Облыста тұрғын үй құрылысы, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым бағытында былтыр атқарылған жұмыстар қорытындыланды. Көзделген меже орындалған. Дегенмен, осы тұрғыда көш соңында келе жатқан жайбасар өңірлер бар.

Көрсеткіші кем аудан-қалалардың басшылары облыс әкімінің сынына ұшырады.  Былтыр 448,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Басқаша айтқанда, 3892 пәтер өз иелерін тапты. Бұған жұмсалған қаржы көлемі – 180 млрд теңге. Ал биыл бұл көрсеткішті ұлғайта түсу жоспарда бар. Осы жылы өңірде тұрғын үй құрылысы көрсеткішін 11 пайызға көтеру көзделіп отыр. Аудан-қала басшылықтарына 500 мың шаршы метр баспана салу міндеттелген. Қазір көп қабатты 49 бюджеттік тұрғын үйдің құрылысы жалғасып жатыр. 2019 жылы басталып, 2021 жылы аяқталуы тиіс болған баспаналар бар. Көп жағдайда мерзімнің ұзартылуына құрылыс материалдарының күрт қымбаттауы әсер етті», – дейді облыстық Құрылыс, архитектура және қала құрылысы басқармасының басшысы Берік Таңжарықов.

Биыл жалдамалы тұрғын үй салуға 2,6 млрд, крдеиттік баспана құрылысына 5,1 млрд теңге қарастырылып отыр. Қазір «Отбасы банк» АҚ салымшыларының саны 81 мыңға жетіп жығылады. Бұл, әлбетте, несиелік тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту қажет екенін көрсетеді. Басқарма мәліметінше, жыл сайын осы санаттағы үш мың адам баспанамен қамтылады екен. Талқыдағы тағы бір мәселе – инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салу жобаларының жүзеге асу барысы. Бұл тұрғын үй құрылысының басты алғышарты. Былтыр желілер тартуға 5,8 млрд теңге бөлініпті. Бірақ ол толық игерілмеген. Мұндай олқылыққа Қостанай және Жітіқара қалаларының әкімдіктері жол берді. Негізгі себеп – қымбатшылық салдарынан межелі мерзімнен кешігу. Айыпты тараптар кемшілікті түзету амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Ал бұл салаға биыл 10,2 млрд теңге құйылып отыр. «Аманат» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес, азаматтарға жеке нысан салу үшін берілген 515 жер учаскесіне де коммуникация жүргізу аса қажет. Бірақ мұны Рудный, Арқалық, Жітіқра және Лисаков қалаларының әкімдерінен басқа жүзеге асырып жатқан жоқ», – деп ашығын айтты Б.Таңжарықов. Ол алға қойылған осы міндеттердің уақытылы орындалмай қалу қаупі туындап отырғанын жасырмады. Ал облыс әкімі Құмар Ақсақалов аталған бағытта жұмыс істеуге құлық танытпай отырған өңірлердің басшыларына сын-ескертпесін айтты.

Егер коммуникация жүргізілген болса, аудан аумағында өз еркімен жеке тұрғын үй салғысы келетін халық та табылар еді ғой. Әлде аудандарыңызда ондайды қалайтын адамдар жоқ деп ойлайсыздар ма? Мұндай мүмкіндікті күтіп жүрген тұрғын әр өңірде жүздеп саналады. Инфрақұрылымға жыл сайын, құрығанда, 10-15 учаскеден бөлінуі керек», – деді ол. Облыс басшысы өңір әкімдерінің екі-үш қабатты үй салып, кілтті таратып берумен «мәселе шешуге» дағдыланып алғанын да сөз қылды. «Көппәтерлі үй салу, бір жағынан, әлдеқайда қымбатқа түседі ғой. Ал учаскелерді жеке тұрғын үй салуға жан-жақты лайықтап берудің шығыны да анағұрлым азырақ. Мемлекеттің міндеті – халықты инфрақұрылыммен қамту десек, тұрғын үй құрылысы мәселесі осылай да шешілуі керек», – деді Қ.Ақсақалов.

Өңір басшыларының бірі жергілікті жерде мұндай мұқтаждық жоқ екенін айтып ақталғысы келсе, бірі бұл жұмысқа енді кіріскелі отырғанын алға тартты. Облыс әкімі бәріне осы механизмді жетілдіруді тапсырды.

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу