23 мая, 2025
«Жетістік формуласы» тағылымдық кеші Науырзым ауданынан бастау алды

«Жетістік формуласы» тағылымдық кеші Науырзым ауданынан бастау алды

2025 жыл – Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл бастама – еңбек пен адам өмірінің қадірін жаңа биікке көтеру, қоғамдағы шынайы қаһармандардың бейнесін айқындау жолындағы маңызды қадам.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұсынған бұл бастамасы – жас ұрпаққа бағыт-бағдар, ал еңбекті серік еткен жандарға – лайықты құрмет.

Осы орайда Науырзым аудандық балалар кітапханасының бастамасымен және аудандық мәдениет үйінің қолдауымен «Сенің мамандығың – сенің болашағың» атты рухани кеш өткізілді.

Бұл кеш – тек сұхбат алаңы емес, ол нағыз жетістік формуласының көрінісіне айналды.Тыныштық күзетінде – тәртіп сақшылары. Кештің келесі кейіпкері –  Марат Нұрланұлы Кәкімжанов.

Жас болса да, жігері мол Марат құқық қорғау саласында еңбек етуде. Ол Жамбыл орта мектебінің түлегі, кейін Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай полиция академиясын аяқтаған. Қарасу ауданынан бастап, бүгінде Науырзым аудандық полиция бөлімінде әкімшілік тәжірибе аға инспекторы қызметін атқаруда. Қауіп-қатер мен әділет жолындағы күрес – оның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігі.

Өнер – халықтың рухани тірегі. Кештің шырайын кіргізген өнер иелері – еліміздің мәдениет әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар жандар. Сәулет Мырзатаев – музыкамен бала жасынан сусындаған дарынды өнерпаз. Мереке ауылында дүниеге келіп, мәдениет саласында түрлі мекемелерде еңбек еткен ол, бүгінде Науырзым мәдениет үйінің арқа сүйер өнерпазы.

Қанат Туртаев – зоотехник мамандығын меңгеріп, кейін музыка саласына бет бұрған өнер адамы. «Ел іші – өнер кеніші» байқауында топ жарып, халық әндерін шебер орындауымен танылды.

Мейрамбек Кенжебаев – «Науырзым әуендері» халық ұлт аспаптар ансамблінің жетекшісі. Музыка мен тарихты қатар игеріп, қазіргі таңда домбыраның үнімен жүректерге жол тауып жүрген шебер орындаушы.

Олар өнер арқылы ұлттың рухын оятып, ұлттық кодты ұрпаққа жеткізуде ерекше еңбек етіп келеді.

Кеш барысында көрермендер тарапынан қонақтарға түрлі қызықты әрі терең мағыналы сұрақтар қойылды.

– «Өнер жолына қалай келдіңіз?»

– «Өнер қанмен беріле ме, әлде еңбектің жемісі ме?»

 

– деген сұрақтар кештің мазмұнын тереңдете түсті.

«Үздік сауал» иегерлеріне арнайы сыйлықтар табысталып, кештің соңында «қонақ кәде» ретінде ән-күйден шашу шашылды. Әсіресе Мейрамбек Кенжебаевтың орындауындағы күй – тыңдарманның көңіл пернесін дөп басты.

Кештің түйіні – шабыт пен бағыт. Кеш соңында Ұлы Абай мен Лев Толстойдың даналық сөздері келтіріліп, жастарға арнап мотивациялық ой түйінделді:

«Өзіне сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап…»

– деген Абай атамыздың сөзі – жетістікке жетудің ең басты жолы.

Бұл кеш – мамандық таңдау ғана емес, өмірлік бағыт-бағдар беретін рухани сабақ болды. Өз саласының шеберлерімен жүздесу, олардың тәжірибесі мен өмір жолынан шабыт алу – жас ұрпақ үшін баға жетпес тәлім.

Мамандық – жай ғана жұмыс емес. Ол – сенің өміріңнің мәні, қоғамдағы орның, рухани кемелденуіңнің жолы. Мамандықты жүрекпен таңдап, еңбекпен сүйсең – болашағың жарқын, жолың нұрлы болмақ.

«Сенің мамандығың – сенің болашағың!» – осы ұран әр жас жүректің өмірлік компасына айналсын!

 

Әйгерім Аралбаева,

Наруырзым аудандық балалар кітапханасының

абонемент бөлімінің кітапханашысы.

Науырзым ауданы