Қырғызстан Республикасы Джалал-Абад облысы Арсланбоп қаласында белбеу күресінен Қырғызстан Республикасының Президентінің кубогінен байрақты бәсеке өткен болатын. Халықаралық турнирге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Татарстан, Түркіменстан мемлекеттерінің балуандары бақ сынап, боз кілемде белдескен. Қазақстанның намысын қорғаған Әділет Жаңбыршы +80 кг салмақ дәрежесінде 15 балуанды тізе бүктіріп, 25 жасында әлем чемпионы атанды.
Әділет Елікұлы Жанкелдин ауданы, Қызбел ауылының тумасы. 2014 жылы Қостанай қаласындағы А.Байтұрсынұлы атындағы өңірлік университетте оқып жүргенде дзюдомен айналысқан. Ол кезде бар болғаны 17 жастағы тепсе темір үзетін шағы. Қазіргі таңда Қазақстан чемпионатының 4 дүркін чемпионы. Самбо күресінен Қазақстан чемпионатының жүлдегері. Белбеу күресінен әлем чемпионатының «Күміс» жүлдесін иеленген.
«Осы жылдың шілде айында Татарстан Республикасының астанасы Қазан қаласында белбеу күресінен өткен әлем чемпионатына 25 мемлекеттен палуандар қатысты. Қазақстанның атынан барып, бағымды сынадым. 82 келі салмақ бойынша белдесіп, 5 балуанды жеңіп, күміс жүлде иесі атандым. Ал, күні кеше Қырғызстан мемлекетінде барлық балуандарды жеңдім. Әлем чемпионы атандым. Бала кезімнен спортқа жақын болдым. Дзюдо, қазақша күрестен жарыс болса, қалт жібермей телевизордың алдында қозғалмай отырушы едім. Сол кезде осындай палауан болсам деп армандайтынмын. Бүгінде арманыма жеттім. Жеңісім елімнің жеңісі. Ұлт жанашыры, қоғам қайраткері М.Дулатұлының кіндік қаны тамған Қызбел жерінің перзенті болғаныма мақтанамын», – дейді әлем чемпионы Әділет Елікұлы.
Күрестен күдер үзбей, өз-өзін баптаған әлем чемпионының алда көптеген мақсаттары бар екен. Шәкірт тәрбиелеп, Қазақстанның атын жас балуандардың жеңісі арқылы тағы бір мәрте танытқысы келеді. Қазақ халқының рухы мықты, жігері жасамаған ел екендігін паш ету басты арманы.
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ
Жанкелдин ауданы