«Жер аманаты» : 344 мың гектар қайтарылды

«Жер аманаты» : 344 мың гектар қайтарылды

Аманаттықтар партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуын тұрақты түрде қадағалап отырады. Сайлауалды бағдарламаның облыс төңірегінде қалай жүзеге асырылып жатқаны жайлы «AMANAT» партиясы жанындағы фракция жетекшісі Бибігүл Аққожина айтып берді.

«Депутаттар «Халықпен бірге!» атты Қостанай облысы бойынша сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылуының аралық қорытындыларын бақылады. Партияның Сайлауалды бағдарламасы Жол картасының көрсеткіштері халықтың сапалы өмір сүруі үшін маңызды мәселелермен тығыз байланысты. Сондықтан оны сапалы жүзеге асыру қажеттілігі мемлекеттік органдардың қызметінде де үнемі күн тәртібінен түскен емес», – дейді Б. Аққожина.

«Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлбарам Мұсағазина атап өткендей, 2023 жылдың 8 айында 2023 жылға жоспарланған 92 тармақтың 23-і орындалып, 72-сі орындалу үстінде. Экономиканы дамыту мақсатында есепті кезеңде 14,8 мың жұмыс орны құрылды, оның 9 мыңы тұрақты, ал 406 жұмыссыз оқуға жіберілді. Осы  жылдың қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың үлесін 87 пайызға дейін жеткізу жоспарлануда. Жергілікті маңызы бар 446 шақырым жол жөнделуде. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі тәрбие мен оқытумен қамтылған халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы барлық балалар (3260 бала) 100% тегін тамақпен қамтамасыз етілді», – дейді Г. Мұсағазина.

Облыстық Жол картасында алдағы бес жылда агроөнеркәсіп кешеніне 12 шараны жүзеге асыру міндеті жүктелген. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхамедов биылғы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша көрсеткіш жаман емес екенін айтады. Мәселен, майлы дақылдарды егу көлемін ұлғайтылып, минералды тыңайтқыштар сатып алынған, екі астық қоймасы немесе көкөніс сақтайтын қойма салыну үстінде. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін кәсіпкерлік субъектілеріне несие бөлу және облыста ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізілді. Қалған 7 іс-шара іске асыру сатысында тұр.

Облыстық мәслихат депутаты Қырмызы Жаңбыршина сайлау науқанында халық өкілдері тұрғындардан 1720  ұсыныс жинаған. Оның ішінде 112-сі өз құзыреті бойынша Парламент Мәжілісінің фракциясына, 777-сі облыстық, 831-і аудандық және қалалық фракцияларға жіберілген.

«Облыстық фракцияға жіберілген 777 бұйрықтың 544-і қайталанған, 233-і жұмысқа қабылданды. Барлық 233 өкім облыстық мәслихат депутаттарына олардың негізгі қызмет аясы бойынша, әр депутатқа орта есеппен 9–10 ұсыным тағайындалды. Оның 168-і (72,1%) оң шешімін тауып (49) немесе жан-жақты түсіндірмелер берілген (119), 65-і (27,8%) орындалуда», – дейді Қ. Жаңбыршина.

Қостанай облысы бойынша «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі облыстық жол картасы шеңберінде кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасында 2022-2027 жылдар аралығындағы кезеңде кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған іс-шараларды іске асыру көзделген. Ол үшін 1,1 трлн астам сомаға 101 инвестициялық жобаның пулы құрылды. Сонымен қатар,11 мыңға жуық жұмыс орнын құрылып, осы жылы 36 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінгі таңда жалпы сомасы 4,9 млрд теңгеге 365 жұмыс орнын құрумен 13 жоба іске қосылды.

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша жол картасы шеңберінде инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі жұмыс ерекше бақылауда.

Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында бос жатқан жайылым жерді қайтаруды және оларды ауыл тұрғындарына қолжетімді етуді тапсырған болатын. Осыған байланысты «AMANAT» партиясының жанынан барлық өңірлерде «Жер аманаты» комиссиясы құрылды. Комиссия құрамына облыстық мәслихаттың депутаттары, белгілі қоғам қайраткерлері, сала мамандары, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, БАҚ өкілдері кірді. Қалалар мен аудандардың жер қатынастары бөлімдерімен бірлесіп, пайдаланылмай жатқан жерлерге талдау жүргізілді. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану бойынша консультативтік хабарламалар мен жадынамалар жолданды.

«Жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде ірі ауылшаруашылық субъектілерімен 365 мың гектардан астам аумақты жалға беру келісім-шарттарын өз еркімен бұзып, 7,8 мың гектар жайылымдық жерлер сот тәртібімен тыйым салынды, заң талаптарын бұза отырып берілген жерлерге шешімдер шығарылды. 50,3 мың га аумақ жойылды. Жалпы, 2022 жылы Қостанай облысында 518,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінде «Жер аманаты» комиссиясының көмегімен 67,1 мың гектар жер қайтарылды», – дейді Б. Аққожина.

«AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі өңірлік Жол картасында 2025 жылға дейін Қостанай облысында 570 гектар жерді қайтару жоспарланған. Оның 330 мың гектары биыл қайтарылады деп күтілуде.   Жалпы алғанда, «Жер аманаты» жобасы аясында облысымыз бойынша мемлекетке меншігіне 344 мың гектар жер қайтарылды.

Әсел ҚИБАШ

 

 

Жаңалықтармен бөлісу