Елімізде жастарға жеңілдетілген несие берілуде. Жоспар бойынша Арқалық қаласына да 7 адамға 35 млн теңге бөлінген. Қазіргі таңда 5 өтініш мақұлданып, 2 өтініш қаралу үстінде.
Мамандардың айтуынша, жеңілдетілген несие, әсіресе, ауылдық жерлерде жұмыссыз жүрген жастардың кәсіптің кез келген түрімен айналысуына, оның ішінде мал шаруашылығын қолға алуына үлкен көмек. Сондай-ақ, барлық бағытта қарастырылған бұл жобаға жұмыс істеп жүрген жастар да қатыса алады. Қаражат мал шаруашылығына 7 жылға, басқа кәсіп түрлеріне 5 жылға дейін беріледі.
– Бұл – Президенттің тапсырмасы бойынша жастардың бастамаларын қолдауға арналған бағдарлама. 21 мен 35 жас аралығында жастарға жеңілдетілген пайызбен 5 миллион теңгеге дейін шағын несие беріледі. Біздің Арқалық қаласына да жеті адамға 35 млн теңге бөлініп отыр. Қазіргі таңда бес өтініш мақұлданып, екі өтініш қаралу үстінде. Екі адам қаражатын алды, ал үшеуі құжаттарын дайындап жатыр. Таяуда олар да қаражаттарын қолдарына алады , – дейді қалалық жұмыспен қамту орталығының маманы Жұмағали Елікбайұлы.
Мемлекет тарапынан жастарға көрсетіліп жатқан қолдау аясында мал шаруашылығының ет және сүт өнімдерін өндіру бағытында 5 млн теңге жеңілдетілген несиеге қол жеткізгендердің бірі – медицина саласының маманы екен.
Дүйсен Тұржанов, бағдарламаға қатысушы:
– Бұл қаражатқа өзіме алған міндеттемем бойынша 12 бас ірі қара және қысқы жем-шөп сатып аламын. Малды бастап алып жатырмын. Несие алуға көп уақытым кеткен жоқ. Бизнес жоспарымды дайындадым, келісім-шартқа отырдым. Ауылда туып-өскендіктен, мал ұстайын деп ниет еттім. Ата-анам да қуаттады. Негізі кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін жастарға үлкен көмек беретін жақсы бағдарлама. Бір жарым жылға дейін “каникулы” бар, ол уақытта несиені төлемеймін. Барлық мерзіміне шаққанда төлейтін үстемесі көп те емес. Өте тиімді бағдарлама. Жастарға көрсетіп жатқан қамқорлықтарға алғысымызды білдіреміз. Болашақта осы алған малдарымыздың басын көбейтіп, үлкен бір шаруашылыққа айналсақ деген арманымыз да жоқ емес.
Дүйсен Талғатұлы Арқалық қалалық жедел жәрдем станциясында фельдшер болып еңбек етеді. Жұбайы Мәдина да өзімен әріптес. Ата кәсіпке иек артқан ақ халатты абзал жандар Ілияс атты бүлдіршіндерін тәрбиелеп отыр.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы