Жемқорлықпен қалай күресеміз?

Жемқорлықпен қалай күресеміз?

«Жемқорлық – індет, онымен күресу міндет». Бұл Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басты қағидасы. Ол тек құқық қорғау немесе мемлекеттік органдардың міндеті болып қалмай, барлық азаматтардың ұраны болуы тиіс.

Қоғамның бұл дертпен күресуге талпынысы зор екенін Қостанайдағы форумның жоғары деңгейде өтуі мен қатысушылардың саны дәлелдеп берді.

“Бүгінгі форум нәтижелері алдағы уақытта ынтамақтастығымызды ұлғайтып, сыбайластықпен күресудегі тың әдістер мен жаңашылдықтарды қолдануға ықпал етеді”, – деп атап өтті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Рүстем Тоқбергенов.

Қазір осы бағытта еріктілердің үлесі артып келеді. Мемлекеттік сатып алу порталының мониторингіне сүйенсек, жоба басталғалы елге келген зиян мөлшерінің 3 млрд теңгеден астам сомасы еріктілердің көмегімен әшкере болған. Оның 150 млн теңге сомасы қостанайлық еріктілердің еншісінде.

Мәселен, Арқалық қаласындағы Жангелдин көшесіне асфальт төсеушілердің битумды қолданбай технологияны бұзғаны туралы фактісі осы еріктілердің көмегімен бейнежазбаға тіркелді.

“Біз бастамашылық еткен мониторинг нәтижесінде әкімдік тапсырыс беруші мердігерден жолды талапқа сай етіп қайта жөндеуге қол жеткізді. Бүкіл ел бойынша 24 мыңнан астам азамат тегін құқықтық көмек алды. Осы жылдың мамыр айында жыл сайынғы “Халық заңгері” жалпы республикалық акциясы аясында 200-ге жуық азамат түрлі саладағы сұрақтарға жауап алды”, – деді Рүстем Тоқбергенов.

Еріктілер мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильдік топ аудандарды аралап, азаматтарға кеңес береді.

“Корпоративтік волонтерлік” ынтымақтастық пен коммуналдық қызметтердің өзара іс-қимылы өңірде жақсы қалыптасқан.”Қостанай СУ” коммуналдық кәсіпорыны мен жылуэнергетикалық компаниясының ай сайын тұрғындарға жіберілетін әрбір хабарламасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жедел желісінің байланыстары көрсетілген (1424).

“Біз еріктілерден “Атамекен” кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп іске асырылатын “Бизнес Жол” жобасы шеңберінде елеулі көмек аламыз. Ол бастама 500-ден астам бизнес субъектілері мен мыңнан астам кәсіпкерлердің мәселелерін шешті”, – деп атап өтті департамент басшысының бірінші орынбасары.

Жүйелі жұмыстың арқасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілер электр энергиясының ақысын үнемдеуге мүмкіндік алды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет тек заңнамалық деңгейде ғана емес, азаматтарды тәрбиелеу арқылы да қалыптасады. Бұл туралы “Саналы ұрпақ” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Нұржан Әбдібеков айтып өтті.

“Ол үшін азаматтарға адалдық, әділдік және сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне төзбеушілік құндылықтарын сіңіру қажет. Оған арнайы білім беру бағдарламаларын енгізген дұрыс. Бұл бастамаға бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы халық арасында ақпараттық қолдау көрсетілсе нұр үстіне нұр”, – деді Нұржан Әбдібеков.

Аталған бастама бойынша облыстың өңірлік қоғамдық кеңесі жанынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия құрылды. Онда жергілікті атқарушы органдардың басшылары үнемі есеп береді. Облыстық басқармалардың барлық басшылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолданылған ішкі талдау қорытындысын жариялап отырады.

“Сыбайлас жемқорлықты сала басшыларымен өзара талдау – құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтап, зерттеп алуға кең жол ашады.Талдаудың нәтижесі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл арқылы оны жоюға ықпал етеді”, – дейді форумды жүргізген қоғамдық кеңестің төрағасы Серік Бектұрғанов.

Бұл жерде “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ” жобасы шалғай өңірлердегі азаматтардың құқықтарын қорғауда маңызды рөл атқарады. Бұл құқықтық мәдениетті нығайтуға, құқықтық сана деңгейі мен заң қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға жағдай туғызады. Сайып келгенде әділ және ашық қоғам құруға көмектеседі.

Жалпы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – мемлекеттің, бизнестің, қоғамның бірлескен күш-жігерін талап ететін ұзақ мерзімді әрі көп қырлы процесс. Адалдық пен ашықтыққа тәрбиелеу, азаматтардың белсенді қатысуы және құқықтық нормаларды сақтау арқылы ғана сыбайлас жемқорлық деңгейінің айтарлықтай төмендеуіне осылай қол жеткізуге болады. Бұл туралы толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.

Айбек ЖҮЗБАЙ 

 

Жаңалықтармен бөлісу