Наурыз мерекесіне орай Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының «Облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кино бейнеқор орталығы ұйымдастырған «Сахналық жекпе-жек» өнер байқауында үздіктердің үздігі болып, Арқалық қаласына қарасты Родина ауылдық клубының мәдени ұйымдастырушысы Мұратбек Әбдісалықов жеңіс тұғырынан көрінді. Ол жүлделі бірінші орынның дипломы мен қаржылай 300 мың теңге сертификатты иеленді.
«Жеңісім жерлестерімнің қолдауы мен тынымсыз ізденістерімнің арқасы деп білемін. Қажырлы қайрат, талмас талап, тынымсыз еңбек – қашанда жемісін бермей қалмақ емес. Ұйымдастырушылар мен қолдаушыларыма айтар алғысым шексіз», – дейді байқау жеңімпазы, үлгілі өнерпаз, білікті маман Мұратбек Талғатұлы.
Тобыл қаласындағы «Алтын дән» мәдениет үйінде облыстың қала, аудандарынан келген ауыл клубтарының ұйымдастырушылары, яғни әр өңірден қатысқан 9 үміткер 4 кезеңнен тұратын байқау сынынан өтіп, өздерін жан – жақты көрсете білді.
Бұл байқау ауыл клубтарының шығармашылық, әдістемелік және ұйымдастырушылық қызметін қолдау, кәсіби деңгейін көтеруге негізделген. Сондай-ақ, жергілікті композиторлардың шығармаларын қайта жаңғырту және көпшілікке ұсыну, республикалық және облыстық деңгейдегі байқауларға үздік мәдениет қызметкерлерін дайындауды көздейді.
Байқау барысында қатысушылардың өнері мен ұйымдастыру шеберлігі жоғары бағаланды. Үміткерлер әр кезеңде өздерінің шығармашылық қабілеттерін паш етіп, жеке жобаларын таныстырды. Жұмыстарын ұсынып, өнерлерін ортаға салды. Қазылар алқасы үміткердің жұмысына әділ баға беріп, ең үздіктерді анықтады.
Екінші орын Аманкелді ауданы Есір ауылдық клубының меңгерушісі Балтасар Ізтілеуовке бұйырды. Үшінші орынды Қостанай ауданы Жуков ауылдық МҮ ұйымдастырушысы Жанна Таласпаева мен Жанкелдин ауданы Қаламқарасу ауылдық клубының ұйымдастырушысы Ерболат Кенжебай иеленіп, марапатталды. Қалғандары да қатысқаны үшін марапатқа ие болды.
Іс-шара соңында Федоров ауданынан көптеген облыстық, республикалық байқау-фестивалдердің дипломанттары
Жоламановтар жанұялық ансамблі қатысушылар мен көрермендерге ән-шашу шашты, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы