29 мая, 2025
Жеке тұлғаға ұлттық құндылықтар арқылы тәрбие беру

Жеке тұлғаға ұлттық құндылықтар арқылы тәрбие беру

Бүгінгі алдымызда білім алып отырған әр оқушы – тәуелсіз, егемен еліміздің болашағы екенін ескерсек, осы балалардан қоғамның тұлғасы болар білімді, тәрбиелі, мәдениетті, ұлтжанды азаматтар шыға қояр ма екен деген ой көпшілігімізді әсіресе тәрбие негізі қаланатын мектептегі ұстаздар қауымын толғандырады.

Ендеше бұл жолда не нәрсеге басымдық беру керек? Ұлттық құндылықтарымызды қалай дәріптейміз? Алғашқы тәрбие баспалдағын ұлттық нақышта киініп жүруден бастап, тәрбие сағаттарында сәлемдесудің маңызын, жеті атасын білуін, салт-дәстүрлердің түрлерін, т.б. ұғындырдым.

Қонақжайлық–қазақ халқының сүйегіне ұлтпен сіңген қасиет. Бұл қасиет қазақты өзге ұлттан ерекшелеп, мәртебесін биіктетіп тұрады. Бірде қазақ жерінде болған поляк саяхатшысы, зия-

лысы А.Янкушкеевич: «Дүние жүзін қазақ жайласа, жер шарын тегін айналып шығар едім», – деп қазақ халқының қонақжайлығына тәнті болған екен. Мысалы, «Қонақ келсе–құт» тәрбие сағатында халқымыздың қонақжайлығын насихаттай отырып, қонақ күтудің өзіндік жөн-жоралғысы мен дәстүрі, ерекшеліктері бар екендігін түсіндірдім.

Ұлттық құндылықтардың тағы бір негізі біздің ауыз әдебиетінде жатыр. Аңыз, қисса, жыр-дастан, мақал-мәтел, жаңылтпаш, санамақ, бата, шешендік сөздер мен батырлар жырларын, жыраулар шығармаларын жаттап, құнды тұнығына қанып өскен баланың бойында еліне, жеріне, халқына деген сүйіспеншілігі артып, ұлтжанды, намысқой, арлы азамат боп қалыптасатыны сөзсіз. Бұл орайда, «Мақал – сөздің мәйегі», «Ертегілер еліне саяхат», «Мен тағзым еткен батырларым», «Жаңылтпаш айт, жаңыл» тақырыбында өткізген сыныптан тыс іс-шараларым оң нәтижесін берді. Оқушыларым бұл шараларға аса жауапкершілікпен, қызығушылықпен атсалыса қатысты. Батырлардың бейнесін сахнада кереметтей сомдай білді. Құндылық дегеніміз де осы, яғни баланы адамгершілікке баулу, оның бойында көркем мінез қалыптастыру. «Обал болады», «сауап болады», «ұят болады» деген дүниелерді естіп өскен бала әдепті әрі мейірбан келеді.

Осындай аса құнды мәдени шаралардың бірі – ұлттық ойындар. Бұл күнде оқушыларды ұлттық құндылықтарға тәрбиелеудің басты құралы деп те айтуға болады. Оқушылармен «Бес тас», «Қыз қуу», «Асық ату», «Ақсүйек», «Тоғызқұмалақ», «Қол күрес» ойындары өткізілді. Бұл ойындар арқылы баланың күшқуаты молайып, шапшаңдыққа, дәлдікке ғана тәрбиелеп қоймай, ақыл-ойының толысуына, өжеттікке, тапқырлыққа, батылдыққа және де ойдан-ойға жетелеп, адамға қиял мен қанат бітіріп, шығармашылыққа да баулиды.

Бала тәрбиесі – баршамызға ортақ маңызды іс. Сондықтан да ата-ана да, қоғам да бұл жұмысқа белсенділік, парасаттылық танытып, бірге жұмылуымыз керек.

Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы: «Балам» деген жұрт болмаса, «жұртым» дейтін бала қайдан шығады» дегендей ата-аналарды да тәрбие сағаттарына шақырып отырдым. Құндылығымызды дәріптеу мақсатымен сынып оқушысы Қазтай Абайдың атасы ардагер ұстаз Қазтай Қуанышбекұлы «Қамшы сыры» тәрбие сағатымызға қатысып, болашақ ұрпақтарға ұмытылып бара жатқан құнды мұра қамшы түрлерімен таныстырып, қамшы өріп үйретті. Халқымыздың мәдени-тұрмысында, салт-дәстүрінде, рухани зердесінде қамшының алатын орны ерекше. Қамшы өнер туындысы, сый-сыяпаттың төресі, ер жігіттің серігі, айбыны, шаңырақтың киесі, тіпті, кейде батырдың қаруы да болған. Оны жай ғана ат айдайтын құрал деп айта салу ағаттық. Жаңа туған нәресте шошымау үшін бесікке де қойса, қамшы ата-бабамыздың бірлігінің бауырлығының, қонақжайлығының да символы болған. Қамшысын қалдырып кеткен үй келесі күні түстікке шақырған. Сондай-ақ, «Қамшы ойыны» деп аталатын спорттық ойын түрі де бар. Ауылда өскен әрбір қара домалақ қазақ атқа мінбес бұрын қамшыны қолға алады. Ұл баланы «атқа мінгізу» ғұрпында бәсіре атқа ашамай ерттеп мінгізіп, аяғын тепкішекке сұғып, ақсақалдар бата беріп, баланың қолына аттың тізгіні мен қамшы ұстатқан. Сонымен бірге, жаңа түскен келіннің бетін үкілі, қоңыраулы қамшымен ашатын кездер де болған. Дала қазағының өмірінде өшпес ізін қалдырған қамшының осындай ерекшеліктерін біліп, өзгеге насихаттау осы аталған тәрбие сағатының мақсаты болды.

Ұлттық тәрбие қазір елімізде орын алып отырған көптеген мәселелерді, атап айтсам, ана тілін, ата тарихын, ұлттық салт-дәстүрін білмейтін жастар, тас- танды жетім балалар, қарттар үйіндері аталар мен әжелер, нашақорлыққа салынған ұрпақ, тағы да басқаларды жоюдың және олардың алдын алып, болдыр- маудың бір жолы. Ұлттық тәрбиені бойына сіңірген ұлтжанды, еңбекқор, сыпайы, кішіпейіл болып өседі. Сондықтан да құндылықтарымызбен тәрбиеленген білім алушы – ел ертеңі.

Қорыта келгенде, ұрпағымызды парасатты да білікті, мәдениетті де білімді етіп тәрбиелеп, рухани дүниетанымын жалпы адамзаттық деңгейде дамытамыз десек, бойында ұлттық және азаматтық намысы бар ұрпақ өсірігіміз келсе, бүкіл қоғамдық өмірдің өзегін келешек ұрпақ тәрбиесіне, соның ішінде ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуге бағыттауымыз қажет.

Мейрамкүл Әлиасқарова,

педагог-зерттеуші,

Қостанай қаласы А.Бірімжанов атындағы жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі