Жеке сот орындаушысы лицензиясынан айырылды

Жеке сот орындаушысы лицензиясынан айырылды

Облыста прокурорлық үйлестіру шараларының арқасында балалардың алимент алу құқығын қорғау мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп келеді.  Жыл басынан бері алимент төлеуден жалтарған 175 борышкер әкімшілік жауапкершілік арқалады. 38 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылса, оның төртеуі бас бостандығынан айырылған.

Мәселен, Рудный қаласының прокуратурасымен азамат К мүгедек баласына 2,1 миллион теңге көлемінде алимент төлеуден қасақана жалтарғаны анықталды. Осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Борышкер сот үкімімен бас бостандығынан айырылды.

Лисаков қаласының тұрғыны қылмыстық жауапкершілікке тартылғаннан кейін 2 бір бөлмелі пәтерін тапсырды. Сол сияқты тағы 4 борышкер алимент өндіріп алушыларға тұрғын үй құқығын берді.

Қабылданған қадағалау актілерімен 210 баланың пайдасына 240 млн теңгеден астам  алимент  берешегі өндіріп алынды. Осы жұмыстарды дұрыс атқармаған 18 жеке сот орындаушысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Мысалы, Бейімбет Майлин аудандық прокуратурасымен жеке сот орындаушысының 3 айдан астам алимент бойынша берешегі бар 100 борышкерге қатысты шара қолданбау фактілері анықталды.

Қадағалау актісі бойынша сот орындаушысы лицензиясынан айырылды. Оның атқарушылық іс жүргізуі басқа тұлғаға берілді. Оларға 110 балаға ай сайынғы төлемдер жедел қамтамасыз етілді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.

Жаңалықтармен бөлісу