Бейімбет жалшының баласы, мен кедейдің қызы едім. Біз шаңырақ көтеріп, түтін түтеткенде тұрмысымыз өте ауыр болды. Бейімбет ауылда мұғалім, тапқаны ішіп-жемнен артпайтын. Сонда да ол мұңын сыртқа шығармай, жарқын бейнесімен бәрімізді жадырататын.
1921 жыл болса керек. Бейімбеттің балаша қуанғанын алғаш көрдім.
— Совнаркомның төрағасы Сәкен Орынборға шақыртыпты, — деді ол менің жүзіме шаттана қарап, бір кеңес сұраған адамдай. Ол кезде мен қара танымайтын сауатсыз едім. Не айта алам, үндемедім. Мұңайып қалсам керек, Бейімбет әдеттегідей мейірімді сөзімен жұбата бастады.
— Айналайын, сен ренжіме! Жұмыстың аты — жұмыс. Орналасып қалсам, көшіп келеміз, — деді.
Ол балаша еркелетіп, егжей-тегжейін түсіндіріп жатыр. Расында қыс та тақап қалған еді. Жылы орыннан қозғалып, бұдан да қиынына тап боламыз ба деп қорықтым. Ақылына сүйеніп, бой үйренген ауылда қала бердім. Бейімбет жүріп кетті.
Екі-үш айға дейін хабар болмады. Ақыры, қыс ортасына таман бір хат келді-ау, әйтеуір. Ауылдағы хат танитын бір баланы оңаша шығарып алып, оқыттым. Ол мені жұбатып, небір жылы сөздер жазыпты. Жұмысқа тұрып қалғанын айтып, жаз шыққанда келем депті…
Біздің тұрмысымыз ауырлап кеткен еді. Бейімбеттің әке-шешесі Мұқамжар деген байда жалшылықта жүріп өмірлерін өткізген. Амалсыздан мен де соған жалдандым. Келесі жазда Бейімбет келді. Әдепкіде оған көрінуге ұялдым. Киімім ескі, үсті-басым сауыс-сауыс еді. Бейімбет тығылып отырған жерімнен іздеп тауып алды.
— Ойпырмай, не боп кеткенсің? — деп шошып кетті. Мен ұялғаннан ба, еңіреп жылай бердім. Ол қолымнан жетелеп үйге кіргізді де, алдыма неше түрлі киімдерді үйіп тастады. «Мына жаңа киімдерді ки», — деді. Мен киініп болғаннан кейін, ескі шоқпыттың бәрін қазандыққа тығып өртеп жіберді.
— Міне, біздің алқымымыздан алған қырсық, құл болып жүрген өміріміз жанып кетті. Енді бақытты өмір сүреміз! — деді толқи тұрып.
Шынында да, бізді титықтатқан қырсық сол күні-ақ күлге айналған еді. Кейін Бейімбетке «Ауыл» газетін шығару тапсырылып, Қостанайға келдік. Менің жаңа өмірім басталды. Бейімбет маған тәрбие беріп, өзі оқытты.
Дереккөз: @aset_akmolda парақшасынан алынды
Қоса кетейік, Бейімбет Майлин “Қостанай таңы” газетінің негізін қалаушылардың бірі.