Жауынгерлер рухына тағзым

Жауынгерлер рухына тағзым

Білім бөлімінің ұйымдастыруымен  №1 Құсмұрын жалпы білім беретін мектебінде  Әулиекөл ауданының  оқушылары арасында Ауғанстаннан әскерлердің шығарылуының 35 жылдығына және ҚР Қарулы Күштері құрылуының 32 жылдығына арналған “Жас Сарбаз” әскери-спорттық жарысы  өтті.

Іс-шараның мақсаты – жас ұрпаққа Ауған соғысы, оған қатысқандар жайлы мағлұмат беру, Ауған соғысы ардагерлерімен таныстыра отырып, оқушылардың білімін көтеру, қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу, оқушыларды ҚР Қарулы Күштерінде қызмет етуге дайындау, әскери-қолданбалы спорт түрлерін дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау.

Жиынға ата-баба рухына дақ түсірмей, оқ пен отқа орана жүріп, елге абыроймен оралған Ауған соғысының ардагерлері, Кеңес әскерінің сарбаздары, жауынгер ағаларымыз қаһарман жерлестеріміз, 161/4 мекемесі зейнеткерлері, Әулиекөл ауданы білім бөлімінің әдіскері М. Галлямов пен  Әулиекөл және Науырзым аудандарының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің бастығы подполковник  М.Сапинов  жас буынға үлгі-өнеге боларлық құттықтау сөз  сөйлеп, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сонымен қатар, Әулиекөл әскери бөлімі әдіскері мен баспасөз қызметкерлері қонақ ретінде келді. Іс-шара барысында ауданымыздың 10 мектебінің жастар мен өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие берудің ерекше үлгісін көрсетіп жүрген АӘД мұғалімдері  жетекшілігімен келген оқушылар өз бақтарын сынады. Іс-шараның ашылуы  барысында Мемлекеттік Ту кіргізіліп, әнұран айтылды.  №1 Құсмұрын ЖББМ мектебінің директоры А.Аяндина  құттықтау сөз сөйлеп, мектептің АӘД мұғалімі М.Бейсембин  әскери-спорттық жарысы шарттарымен таныстырды.

Аудан мектептерінің оқушылары көрсетілген бағыттар бойынша аймақтарда сайысқа түсті. Әр сайыс бойынша қазылар алқасы оң бағасын беріп, соңында жетекшілері аудандық білім бөлімі атынан Алғыс хатпен, қатысушылар номинациялармен марапатталды.

Жалпы қорытынды бойынша №1 Құсмұрын ЖББМ І орынды, №2 Құсмұрын ЖББМ ІІ орынды, С.Баймағамбетов атындағы мектеп-гимназиясы ІІІ орынды иеленді.

Жас буынға ауған ардагерлерінің өжеттігін үлгі ету, ауған соғысында опат болған жауынгерлердің рухына тағзым етуге, есімдерін қастерлеуге  бағытталған бұл іс шараның берері мол болды.

А.Игілік,

№1 Құсмұрын жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті  пәні  мұғалімі,

Б.Тайкешева,

математика пәні мұғалімі.

Әулиекөл ауданы

Жаңалықтармен бөлісу