23-26 наурызда Ташкент қаласында “Жаныңды салып би биле” атты халықаралық байқау өтті. Үздік ұжымдар бәсекесіне Бейімбет Майлин ауданына қарасты Тобыл кентінің DIAMONDS хореографиялық ансамблі қатысып, зор олжаға кенелді.
Байқауда Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінің өнерпаздары бақ сынасып, екі күн ішінде ұзын саны 260-тан астам нөмір төрешілер мен көрермендер назарына ұсынылған. Жерлестеріміз сахнаға сегіз түрлі бимен шығыпты. Алғашқы сынақ күні DIAMONDS ансамблінің ең жас мүшесі, 5 жасар Стефания Орлова өнер көрсетті. Ол “Баю бай” аталатын балалар биінің жеке композициясын орындап, 4-6 жас аралығындағы қатысушылар арасында Гран При жеңіп алды. Бұл – оның үлкен сахнадағы алғашқы жетістігі. “Көктем” және “Батыр қыз” аталатын қазақ биін жеке билеп берген Ақбота Әлімқызы да 7-9 жас аралығындағы үміткерлерден басым түсіп, Бас жүлде иеленді. Ақботаның көптеген республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы екенін айта кету керек. Байқаудың екінші күні DIAMONDS ансамблі ұжымдық бес би билеп, жоғары топтағы балалармен сынға түсті. Жерлестеріміз сәтті өнер көрсетіп, қазылардың жақсы бағалауына ие болды. Төрешілер олардың тас-түйін дайындығы, нөмірлердің сан алуандығы және көз тартар киімдерінің ерекше екенін атап өтті. Осылайша, ансамбль 3 бимен Гран При, тағы 2 бимен 1-орын жеңіп алды.
“DIAMONDS ансамблі әртүрлі деңгейдегі байқауларға қатысып, жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Балаларын материалдық тұрғыда қолдап, жол шығынына көмектерін аямайтын ата-аналарға алғыс білдіремін. Сондай-ақ қаржылай демеу жасаған Новоильинов ауылдық округінің әкімі Мақаш Таймасовқа, киім жағынан жәрдемдескен Е.Өмірзақов атындағы аудандық мәдениет үйіне, Лисаков қаласындағы “Союз” мәдениет үйіне рахмет айтамын. Бұл – бәріміздің ортақ жеңісіміз”, – дейді ансамбль жетекшісі Евгения Орлова.