Қостанайда “Аманат” партиясына қарасты барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бірінші облыстық форумы болып өтті. Алқалы жиында халық қалаулылары партияның депутаттар фракциясының негізгі міндеттеріне тоқталды. Сондай-ақ, мемлекеттік органдармен тығыз байланыс орната отырып, өңірлердегі қордаланған мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын қарастырды.
“Аманат” партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Жанар Қойшинованың айтуынша, депутаттар сайлауалды кампания барысында облыс тұрғындарының 1720 талап-тілегін жазып алған. Бүгінде облыстық және аумақтық фракцияларға бекітілген 1608 талаптың 84%-і оң шешімін тапқан. 16-сы орындалып жатыр. Депутарттардың негізгі міндеттерінің бірі – “Аманат” партиясының сайлауалды бағдарламасының орындалуы жөніндегі жол картасын назарда ұстау.
–Халықпен бірге “Аманат” партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жол картасында 16 индикатор және 101 іс-шара қарастырылған. Жыл басынан бері белгіленген 92 тармақтың 52-сі орындалды. 40-ы жақын арада шешілмек. Тек, біреуінің аяқсыз қалу қаупі бар. Жалпы, облыс бойынша 77200 адам тұратын 83 ауылды сумен қамту нысандарын қайта жаңғырту және салу жоспарланса, Жоғарғы соттың қаулысына сәйкес Қарабалық ауданындағы Лесное ауылы мен Денисов ауданындағы Приреченка, Отрадный ауылдарын сумен жабдықтау және тарату желілері құрылысын салу жобасына қатысты конкурстардың қортындысын қайта қарау қажет. Яғни, обектілерді пайдалануға беру мерзімі кешіктіріліп, бөлінген қаражат игерілмей қалуы мүмкін,–деді облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Бекбаева.
Ол өз сөзінде партияның сайлауалды бағдарламасында көрсетілген міндеттердің орындалу барысына кеңірек тоқталды. Мәселен, республика бойынша біздің облысқа тиесілі автокөлік жолының жалпы ұзындығы 9179 шақырымға тең. Ал көлік жолдары саласының бюджеті 41 млрд теңгеден асады. Осыған дейін жергілікті маңызы бар 465 шақырымдық жол жөнделген. “Ауыл – ел бесігі!” жобасы аясында ауылдық жерлердегі, жалпы ұзындығы 115 шақырымдық жолға құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді. Күзгі тексеру кезінде барлық жолдың 87%-і жақсы және қанағаттандырарлық деген бағаға ие болды. Биыл тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары 90%-ке жуықтады. Барлығы 412,5 мың шаршы метр үй ел игілігіне айналған. Бұл 3,5 мың пәтер деген сөз. “Қуатты өңір – ел дамуының драйвері” жобасының шеңберінде үстіміздегі жылы елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 69 жоба қолға алынды. Оған бюджеттен 22 млр теңгедей қаржы бөлінген. Жыл қорытындысы бойынша соның 37-сі пайдалануға берілмек. Қалғаны келесі жылдың еншісіне қалады. Нәтижесінде 19 ауыл орталықтандырылған су желісіне қосылады. Он екі ауылға суберу жұмысы жақсартылды. Жалпы, өңірде елдімекедерді ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіші 86,6 процентке жетті. Бүгінде 362 елдімекеннің тұрғындары сапалы ауыз су ішіп отыр.
–Бүгінгі форумға облыстық басқармалардың басшылары да қатысты. Біз панелдік отырыс барысында оларға тұрғындар тарапынан қозғалған мәселелер туралы сұрақтар қойып, оларды шешу жолдарын талқыладық. Әрине, әр өңірдің өздеріне тән қалыптасқан мәселесі бар. Бұл форум сол қордаланған мәселелерді шешуге көп септігін тигізеді деп ойлаймын. Лисаков қаласында “Жол картасына” енгізілген үш ауқымды инвестициялық жоба бар. Бүгінде оның үшеуі де нәтижелі аяқталды. Сосын партиялық бақылауға алынған екі бекетіміз бар. Олар желтоқсан айында тапсырылады. Біреуі Октябрь ауылындағы дәрігерлік амбулатория, екіншісі жылы жүйесінің күрделі жөндеу жұмысы. Біз әлгі нысандарға барып, бақылап тұрамыз. Бүгінгі таңда біздің “Жол картамызда” қырық жеті іс-шара жоспарланған. Соның отыз жетісі шешімін тапты. Қалғаны алдағы айда жүзеге асады. Мұны депутаттар үнемі бақылап отыр, – дейді “Аманат” партиясының Лисаков қалалық филиалының атқарушы хатшысы Салтанат Шалдыбаева.
Форум жұмысы ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік, ТКШ, құрылыс, қаржы, цифрландыру және әлеуметтік блок бойынша үш топқа бөлінген фракция мүшелері арасындағы панелдік сессияларға ұласты.
Толығырақ газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ