«Жасыл Ел» – экология сақшысы

«Жасыл Ел» – экология сақшысы

Қостанайда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында кезекті «Таза ойындар» экологиялық акциясы өтті.

Дәстүрге сай іс-шара Тобыл қаласы жағындағы «Ақ шаңырақ» демалыс аймағына жақын орналасқан жағажайдың жағалауында ұйымдастырылды.

Акцияға «Жасыл Ел» жастар еңбек жасағының 70-тен астам сарбазы қатысты. Олар бес командаға бөлініп, аумақты тазарту бойынша өзара сайысқа түсті.

«Таза ойындардың» басты ерекшелігі – оның экологиялық жарыс форматында өтуі. Командалар қоқыс жинап қана қоймай, оны сұрыптап, жиналған қалдықтардың саны мен сапасына қарай ұпай жинайды.

Қатысушылар демалыс аймағына іргелес аумақты тұрмыстық қалдықтардан тазалап, оларды сұрыптады. Акция ережесіне сәйкес әр командаға қоқыс жинауға бір сағат уақыт берілді. Жарысқа әрқайсысында 12–20 адамнан тұратын бес команда қатысты. Қысқа уақыт ішінде ондаған қап қоқыс жиналды.

– «Таза ойындар» – бұл жай ғана сенбілік емес, командаларға бөлініп, жүлделі орындар үшін бақ сынайтын жарыс. Бәсекелестік рухы қатысушыларды ынталандырып, мұндай форматтағы сенбіліктердің тиімділігін арттырады. Бұл іс-шара бірнеше жылдан бері жылына бірнеше рет тұрақты түрде өткізіліп келеді, – дейді Қостанай облыстық Жастар ресурстық орталығының жастар бастамалары секторының жетекшісі Берік Нұрмұхамбетов.

№22 жалпы білім беретін мектептің 9-сыныбын тәмамдаған Ангелина Николаева биыл «Жасыл Ел» қатарына қосылған.

– Қазір мен Қазтұтынуодағының Қостанай жоғары колледжіне маркетолог мамандығына оқуға түсуге дайындалып жүрмін. «Жасыл Елде» 1 шілдеден бері еңбек етемін. «Таза ойындарға» алғаш рет қатысып отырмын. Біздің міндетіміз – жағажай мен оған іргелес аумақты қоқыстан тазартып, қаламыздың экологиясына өз үлесімізді қосу, – дейді ол.

Акция барысында «Жасыл Ел» сарбаздары жарты тоннаға жуық тұрмыстық қалдық жинап, оларды сұрыптап, кейінгі қайта өңдеуге жіберді.

Негізінен пластик және шыны бөтелкелер, алюминий банкалар, картон, қағаз, целлофан пакеттер, тұрмыстық электр техникасының бөлшектері мен автокөлік шиналары жиналды. Басқа қалдық түрлері салыстырмалы түрде аз болды.

blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank

Жеңімпаздар мен барлық қатысушылар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Нәтижелерді бағалау кезінде жиналған қалдықтардың көлемі мен оларды сұрыптау сапасы басты назарға алынды.

Василий ВАСИЛЬЕВ