Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға бизнесті дамытуда қолдау көрсету мақсатында «Аграрлық кредиттік корпорациясы» АҚ арқылы жылдық 2,5%-бен 5 млн теңгеге дейінгі сомада жеңілдетілген кредит беріледі.
Бұл мақсатқа Қостанай облысына республикалық бюджеттен 900 млн теңге қарастырылған. Жастардың бизнес-жобаларын іріктеу жөніндегі конкурстық комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырыста 7 өңірден (Алтынсарин, Жітіқара, Меңдіқара, Қарасу, Науырзым аудандары, Қостанай және Рудный қалалары) 13 өтінім қаралды.
Жобалар арасында мал шаруашылығы бойынша 3 жоба – ет сату үшін ІҚМ аналық басын өсіру, халыққа қызмет көрсету бойынша 6 жоба (жүк тасымалы, жолаушылар тасымалы, бөлшек сауда және т.б.), дүкендер мен ойын клубы үшін жабдықтар сатып алу бойынша 4 жоба тыңдалды.
Отырыста бірнеше бизнес-жобалар көзге түсті. Олардың бірі Рудный қаласында оқу, жаттығу сабақтарын және басқа да дене шынықтыру-спорттық іс-шараларды өткізу, білім алушылар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, спорттық бағдарламаларды, спорттық-сауықтыру жобаларын іске асыру мақсатында спорт және өнер академиясын ашу болды.
Академияда шахматқа, сурет және мүсіндеу үйірмесіне, физикалық дамуды қамтамасыз ететін би және созылу, сондай-ақ жекпе-жек өнеріне жататын дзюдо және каратэ, үстел теннисі секцияларына баруға болады.
Сондай-ақ, Меңдіқара ауданында кілемдерді химиялық тазалау қызметін ашу жоспарлануда (Ш.Ж. Мұхамбетқалиев), ол үшін арнайы жабдық қажет.
Меңдіқара ауданына қызмет көрсету жоспарлануда, жарнама және әлеуметтік желілердегі маркетинг арқылы клиенттер саны артады. Бизнестің артықшылығы ауа-райына қарамастан жабдықтың жыл бойы жұмыс істеуі. Автоматтандырылған жүйе барлық кілемдерді 100% тазартуға мүмкіндік береді. Ауданда мұндай қызметтер бұрын көрсетілмеген.